26.10.2025, 15:30
Оқылды: 85

Жаңақала ауданында дала қызықтары өтті

Кеше Жаңақала ауданына қарасты тоғыз ауылдық округтің шаруа қожалықтарының демеушілігімен дәстүрлі Ауыл шаруашылығы күні аясында кең көлемді дала қызықтары өтті.

image-25-10-25-07-06

Шараны аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырса, мерекенің қауіпсіз өтуін аудандық полиция бөлімі қамтамасыз етті.
Алаң ұлттық нақышта безендіріліп, әр округ киіз үй тігіп, келген қонақтарға ақ пен бауырсақ ұсынылды. Көрермендерге арналған ұлттық ойындар мен ат жарыстары мерекенің көркін қыздырып, ел көңілін серпілтті.

image-25-10-25-07-06-4
Алғашқы болып 6 шақырымдық тай жарысы өтті. 25 тайдың ішінен мәреге бірінші болып Орал қаласы, Ынтымақ ауылының жүйрігі — Азамат Қарағойшиевтің тайы келді. Екінші болып Бөкей Орда ауданынан келген Қалиақпаровтар әулетінің тайы шапса, үздік үштікті сол ауданның тағы бір жүйрігі — Азат Есекеновтің тайы түйіндеді. 9 шақырымдық құнан бәйгесінде де тартыс жоғары болды. Азамат Қарағойшиевтің “Сакура” атты тұлпары өзгелерге дес бермей, мәре сызығын бірінші болып кесті (шабандоз — Серікбай Саят, Орал қ., Ынтымақ ауылы). Күміс жүлде Төлеген Есбаевтың «Найза» атты тұлпарына бұйырса (шабандоз — Гарифолла Аңсар, Орал қаласы, Ынтымақ ауылы), үздік үштіктің қатарын Мұрат Сырымның «Жұлдыз» атты тұлпары толықтырды (шабандоз — Ерқанат Нұрқанатұлы, Индер ауданы, Атырау облысы). Көрермен асыға күткен 21 шақырымдық аламан бәйгеде Ақжайық ауданынан келген Бағдат Нұғмановтың «Айналайын» атты сәйгүлігі топ жарды.

image-25-10-25-07-06-1

Тізгін ұстаған Әли Қалқамажай шеберлігімен көзге түсіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Келесі орын Атырау облысы, Индер ауданынан келген Абылай Мұраттың “Малыш” атты тұлпарына берілсе (шабандоз — Ерқанат Нұрқанатұлы), үшінші орынды сол Ақжайық ауданынан келген Саид Меңдіханов мінген «Болашақ» атты тұлпар иемденді.

image-25-10-25-07-06-2
Ат бәйгелерінен кейін спорттық жарыстар жалғасын тапты. Гір тасын көтеру сайысында ең жоғары нәтиже көрсеткен Есболат Абекенов жеңімпаз атанды. Одан кейінгі орындарды Жасқанат Сыралиев пен Жомарт Лұқпанов өзара бөлісті. Қой көтеру жарысында Біржан Қисымов 1 минут ішінде 46 рет қой көтеріп, өзгелерден оза шауып, үздік нәтиже көрсетті. Арқан тартыс сайысы да тартысқа толы өтті. Күш пен бірлік сынға түскен бұл додада 1993 жылғы жастар командасы бас жүлдені қанжығасына байлады. Екінші орынды БЖСМ құрамасы иеленсе, үшінші орын «Jastar» спорт клубы командасына бұйырды.
Мерекелік шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ауыл шаруаларының еңбегіне деген құрмет пен ұлттық дәстүрге деген сүйіспеншілік айқын сезілді. Ат дүбірі мен ұлттық ойындардың рухы даланы думанға бөлеп, елдің еңсесін көтеріп, мерекенің бағын асырды.

Сыйлыхан Талапұлы
Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале