
Бүгінде елімізде балалардың құқықтарын қорғау, құқықбұзушылықтың алдын алу және отбасыларды қолдау бағытында мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын үйлестіретін 271 комиссия жұмыс атқаруда. Олар жоспарлы мәселелерден бөлек, қоғамда кең талқылау туғызған және жедел шешімді қажет ететін істерді де қарайды.
«Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялар – балалардың құқықтарын қорғаудың басты тетігі. Комиссиялардың қызметі қиын жағдайға тап болған отбасыларды дер кезінде анықтап, оларға қажетті көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Біз ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтіп, буллингтің, кибербуллингтің және суицидтік мінез-құлықтың алдын алу бағытында жаңа тәсілдер енгізудеміз», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүргізілген ведомствоаралық рейдтердің нәтижесінде балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамаған 21,8 мыңнан астам ата-ана, түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың тұрғын үйден тыс жерде болуына жол берген 107 мыңнан астам заңды өкіл, сондай-ақ ойын-сауық орындарына балаларды кіргізген 2 мыңға жуық кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қазіргі уақытта комиссиялардың жұмысын жетілдіруге бағытталған жаңа ережелер әзірленуде. Құжатта буллингтің, кибербуллингтің және суицидтік мінез-құлықтың алдын алу, зерттеу жүргізу және өңірлерге әдістемелік қолдау көрсету бағыттарындағы өкілеттіктерді кеңейту көзделген. Жаңартылған формат комиссиялардың тиімділігін арттырып, жергілікті деңгейдегі жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік береді.