6.11.2025, 12:30
Оқылды: 77

Статистика – қоғам дамуының  айнасы

8 қараша – Статистика күні

Статистика – қоғам  өмірінің  барлық  саласын  қамтитын,  әлеуметтік-экономикалық  процестерді  сандар  тілімен  сипаттайтын  ғылым.  Ол  жай  деректер  жиынтығы  емес,  шынайы  өмірдің  көрінісін  айқындайтын  дәлдік  пен  сенімділіктің  символы.  Әр  санның  артында  адамдардың  еңбегі,  уақыт  пен  жауапкершілік  жатыр.  Статистиканың  басты  мақсаты  – қоғамдағы  өзгерістерді  өлшеп,  объективті  түрде  бағалау  арқылы  шешім  қабылдауға  негіз  болу.  Бүгінде  бұл  сала  мемлекеттік  басқару  мен  экономикалық  жоспарлаудың,  әлеуметтік  саясаттың  ажырамас  бөлігіне  айналды.  Сандар  арқылы  елдің  даму  қарқыны,  халықтың  тұрмыс  деңгейі  мен  еңбек  нарығындағы  үрдістер  айқын  көрінеді.  Демек  статистика  –  қоғам  дамуының  айнасы.

 WhatsApp Image 2025-11-06 at 12.18.04

Биыл Қазақстанның ресми статистика қызметіне 105 жыл толды. 1920 жылы құрылған алғашқы статистика басқармасынан бастап, бұл сала индустрияландыру дәуірінен, тәуелсіздік жылдарынан және цифрлық трансформация кезеңінен өтті. Бүгінде ұлттық статистика жүйесі «ашықтық, дәлдік және инновация» қағидаттарына сүйенеді. Батыс Қазақстан облысында бұл дәстүрді әр жылдары М. Ирхин, С. Рафиков, В.  Скаленко, Ш. Сартаева, А.  Иванов, А.  Хамзин, Б. Алимбаева сынды басшылар жалғастырды. Қазіргі таңда департаментті Болат Тілеуқабылұлы Мешелов (суретте) басқарып отыр. Оның жетекшілігімен деректермен жұмыс істеудің жаңа тәсілдері енгізіліп, қызмет ашықтығы мен сапасы артып келеді.

Өңірдегі барлық ресми деректі жинақтап, талдап, қоғамға ұсынатын құрылым – ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігі ұлттық статистика бюросының Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті. Бұл мекеме халық саны мен еңбек ресурстарынан бастап, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, білім мен денсаулық саласына дейінгі бағыттарды қамтиды.

– Статистикалық қызметтің мәні – деректерді жинау, өңдеу, талдау және нәтижелерді қоғамға ұсыну. Бұл процесс бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен ақпарат көздері анықталады. Халық санағы, кәсіпорындардың есептері, мемлекеттік тіркеу деректері, сауалнамалар мен мониторинг жүйелері. Кейін жинақталған мәліметтер тексеріліп, тазаланып, жүйеленеді. Осыдан соң талдау кезеңі басталады. Алынған деректер салыстырылып, көрсеткіштер мен индикаторлар есептеледі, олардың динамикасы анықталады. Соңғы сатыда қорытынды ақпарат қоғам мен билікке ұсынылады, осылайша деректер шешім қабылдау тетігіне айналады. Бүгінде статистика тек мемлекеттік басқару құралы емес, сонымен қатар экономикалық жоспарлау мен әлеуметтік саясаттың басты арқауына айналды. Ол арқылы елдің даму қарқыны, халықтың тұрмыс деңгейі, еңбек нарығы мен өндіріс тиімділігі бағаланады, – дейді департамент басшысы Болат Мешелов.

Департамент жұмысы халықаралық стандарттарға сай жүргізіледі. Мәліметтер электронды форматта жиналып, сапа мен нақтылық қатаң бақыланады. Алынған деректер аймақтың экономикалық және әлеуметтік дамуының толық бейнесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл ақпарат мемлекеттік саясатты жоспарлауда, бизнес шешімдерін қабылдауда және қоғамға өңірдің нақты ахуалын түсінуде маңызды рөл атқарады.

Батыс Қазақстан облысы – еліміздің батыс қақпасы әрі экономикалық әлеуеті жоғары өңір. 2025 жылғы 1 қыркүйектегі дерек бойынша халық саны – 695,8 мың адам, оның ішінде 57,6%-ы –қалалықтар. Табиғи өсім – 3029 адам. Экономикадағы негізгі көрсеткіштер де оң бағытта: өнеркәсіп өндірісі – 2,8 трлн теңге (өсім 4,7%), ауыл шаруашылығы өнімдері – 240,6 млрд теңге (өсім 5,8%), құрылыс көлемі – 231 млрд теңге (өсім 6%), орташа айлық жалақы – 378 851 теңге (өткен жылмен салыстырғанда 10,7% жоғары). Бұл сандар өңір экономикасының тұрақтылығы мен еңбек нарығының серпінділігін  көрсетеді.

– Өңірдің тұрақты дамуының басты қозғаушы күші – шағын және орта бизнес. Соңғы жылдары жаңа кәсіпорындар ашылып, ауылдық жерлерде отбасылық шаруашылықтар мен шағын өндірістер көбеюде. Мемлекеттік қолдау бағдарламалары кәсіпкерліктің дамуына серпін беріп отыр. Сонымен бірге ауыл мен қала арасындағы инфрақұрылымдық теңсіздік әлі де өзекті. Ауылды дамыту – тек шаруашылықты қолдау емес, адамдардың өмір сапасын арттыру жолы. Сондықтан облыстың даму саясаты әлеуметтік теңгерім мен адам капиталын нығайтуға бағытталған, – деді Болат Тілеуқабылұлы.

WhatsApp Image 2025-11-06 at 12.18.42

Статистика мамандарының айтуынша, 2025 жылы тамыз-қазан айларында ел бойынша Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өткізілді. Бұл – он жылда бір рет өтетін маңызды мемлекеттік науқан. Санақ Біріккен ұлттар ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (БҰҰ ФАО) әзірлеген халықаралық бағдарламаға сай жүргізілді. Батыс Қазақстан облысы бойынша 10 мыңнан астам шаруашылық пен 60 мыңнан астам үй шаруашылығы қамтылды. Сауалнамалар онлайн және офлайн сипатта жүргізіліп, деректердің құпиялығы қатаң сақталды. Бұл мәліметтер ауыл шаруашылығын дамыту мен инвестициялық саясатты жетілдіруде маңызды негіз  болмақ.

– ҚР СЖРА ҰСБ БҚО бойынша департаменті – кәсіби, ұйымшыл және жаңа технологияларды меңгерген ұжым. Мұнда әр қызметкер өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Ұжым спорттық  жарыстар мен мәдени іс-шараларға белсене қатысып, корпоративтік рухты нығайтып келеді. Себебі статистиканың күші бірлікте және дәлдікте, – деп сөзін сабақтаған департамент басшысы Болат Тілеуқабылұлы өңірдің әрбір көрсеткіші – халық еңбегінің нәтижесі, қоғам өмірінің айнасы  екендігін  атап  өтті.

Статистикаға құрмет – ақиқатқа құрмет, ал нақты дерек – елдің ертеңіне сенім. 105 жылдық тарихы бар статистика саласы дәлдік пен адал еңбектің нышаны болып қала  бермек.

 

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале