2025 жылдың 6 қарашасында Орал қаласындағы №7 жалпы білім беретін мектепте кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың, буллингтің, суицидтің және нашақорлықтың алдын алу тақырыбында жалпы мектептік ата-аналар жиналысы өтті. Іс-шараға ата-аналар, прокуратура, полиция және білім бөлімінің өкілдері қатысты.

Жиналыс «Заң және тәртіп» идеологиялық тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды. Мақсат – жасөспірімдер мен балалар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, әлеуметтік жауапкершілікті арттыру және түрлі құқықбұзушылықтың алдын алу шараларын жүйелі түрде жүргізу.

Кездесу барысында қатысушылар кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық, буллинг, интернеттегі киберқорқыту, агрессия және нашақорлық сияқты өзекті мәселелерге тоқталды.
Мамандар ата-аналарға балалармен ашық сөйлесудің, олардың психологиялық жағдайына көңіл бөлудің және интернеттегі әрекеттерін бақылаудың маңызын түсіндірді.
Батыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары Азамат Құстанов өз сөзінде:
«Жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыру ең алдымен отбасынан басталады. Ата-ана балаға жауапкершілік пен тәртіптің үлгісін көрсетуі тиіс. Мектеп пен отбасы арасындағы өзара сенім – құқықбұзушылықтың алдын алудың басты шарты», — деп атап өтті.
Сондай-ақ кездесуде жасөспірімдердің өз-өзіне деструктивті мінез-құлқының алдын алу, отбасындағы сенім мен түсіністікті нығайту жөнінде кеңестер берілді.

Ата-аналарға арнайы дайындалған профилактикалық бейнероликтер көрсетіліп, түсіндіру дәрістері өткізілді. Жиналыс барысында қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарымен бөлісті.
Мектеп директоры Мария Қабақова атап өткендей, мұндай кездесулердің басты мақсаты – баланың қауіпсіздігі мен жан-жақты дамуын қамтамасыз ету, ата-аналар мен мектеп арасындағы тығыз байланыс орнату және құқықтық мәдениетті ерте жастан қалыптастыру.

Бұл іс-шара жасөспірімдердің құқықтық санасын арттырумен қатар, қоғамдағы тәртіп пен жауапкершілік құндылықтарын дәріптеуге бағытталды.
Мектеп әкімшілігі барлық қатысушыларға белсенділік танытқаны үшін алғыс білдіріп, осындай профилактикалық кездесулердің алдағы уақытта да жалғасын табатынын мәлімдеді.
Бекзат Қанәділ,
zhaikpress.kz