7.11.2025, 14:30
Оқылды: 77

Өнерге тағзым – рухқа құрмет

«Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді халқымыз. Бұл ұлттың өткенге тағзым етіп, ел үшін еңбегі сіңген асыл тұлғаларын қастерлеудің айғағы. Осындай өнегелі іс Алматы қаласында жүзеге асты. Қазақ өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, әнші-термеші Қалампыр Рақымқызы Рахимованың есімін ұлықтауға арналған игі қадам ел іші мен өнер қауымына үлгі болды.

WhatsApp Image 2025-11-07 at 13.11.42
Қалампыр Рақымқызы 1949 жылы Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданының Алмаз ауылында дүниеге келген. Мектепті тәмамдаған соң туған жерінде клуб меңгерушісі болып еңбек жолын бастаған. Өнерлі бойжеткеннің дарынын әйгілі әнші, Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиев байқап, оны Алматыдағы эстрада-цирк студиясына оқуға шақырады. Осылайша, Қалампыр апай үлкен сахнаға жол тартып, ұстазының тәлімін алды.
1969 жылдан бастап «Гүлдер» ансамблінің әншісі атанды. «Аққұмның Ақкербезі» деген атпен елге танылды. Қайрат Байбосынов, Қапаш Құлышева, Роза Рымбаева, Сембек Жұмағалиев сынды өнер тарландарымен бірге қазақ сахнасының шоқтығын биіктетті. 1988 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі атағына ие болды. Өнерімен ел жүрегінен орын алған Қалампыр Рахимова сол жылы гастрольдік сапар кезінде болған жол апатынан қаза тауып, 39 жасында өмірден өтті.
Қазақ мәдениетінде өзіндік із қалдырған өнер иесінің есімі бүгінде ел жадында. Дегенмен, Алматыдағы Қалампыр Рақымқызының зираты күтімсіз қалған еді. Ауылдасының қабірі тозғаны жөніндегі хабарды естіген құқық қорғау саласының ардагері Абзал Байдосов бұл іске бейжай қарай алмады.

WhatsApp Imag
Зейнеттегі полиция подполковнигі Абзал Балакирұлы өз бастамасымен әншінің зиратына барып, айналасын тазалап, жөндеу жұмыстарын ұйымдастырды. Бұл азаматтық пен адамгершіліктің айқын көрінісі.
Айта кетерлігі, Абзалдың анасы Дәметкен апа мен Қалампыр Рақымқызы бір ауылдан. Қатар өсіп, сырлас құрбы болған. Анасының аманатын орындаған ұл ауылмен телефон арқылы тілдесіп, Қалампыр апайдың рухына арнап Құран бағыштатты. Бұл ұрпақ сабақтастығы мен рухани мұраның жалғасуының жарқын үлгісі.
–Қалампыр апамыздың атын бала күнімізден естіп өстік. Анамның құрбысы болатын. Анам ол кісіні жиі еске алады. Сондықтан апамыздың рухына тағзым ету мен үшін үлкен парыз еді. Бір топ азаматтармен бірге бейіт басын тазалап, құран бағыштадық. Бұл – менің рухани борышым», — дейді Абзал Балакирұлы.
Абзалдың әкесі Балакир Байдосов Алмаз ауылында кәсіподақ комитетінің төрағасы, ауылдық кеңестің атқару комитеті төрағасы қызметтерін атқарған, «Халыққа білім беру ісінің үздігі», «Еңбек ардагері» медальдарының иегері, ел құрметіне бөленген азамат болған. Осындай өнегелі әке мен ана тәрбиесін көрген ұл-қыздары бүгінде әр салада адал еңбек етіп, ата дәстүрін жалғастырып келеді.

WhatsApp Image 2025-11-0
Ауылдан шыққан азаматтың бұл ісі ел ішінде жылы ықыласқа бөленді. Бұл тек бір адамның игі амалы ғана емес, ұлттық руханиятқа деген шынайы жанашырлықтың белгісі.
Қалампыр Рақымқызының өнерін қастерлеу өткенге тағзым, болашаққа аманат. Ал Абзал Балакирұлының әрекеті ел руханиятына деген құрметтің нақты көрінісі.

 

Светлана Байтенова,
Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале