12.11.2025, 17:15
Оқылды: 224

Сырым ауданы: Бөгет бүтінделмек, жол тегістелмек

Жетікөл ауылдық округінде көп жыл бойы күрек тимеген ауылдың ескі бөгетінің жөндеу жұмыстары басталды.

PHOTO-2025-11-10-11-15-46 (1)

Бөгет — бұл суды ұстап тұру, жинау немесе ағысын реттеу үшін су арналарының бойына салынған инженерлік құрылыс.

Басын Шыңғырлау ауданы, Қарағаш ауылындағы бұлақтан алатын Бұлдырты өзені Жетікөлге жетіп, айдындарға жайылады.

Кеңес үкіметі уағында алапат суды ауылшаруашылық жұмысына пайдалану үшін, бөгет тұрғызылды. Жергілікті қариялар 12 қақпадан тұратын ауқымды гидроқұрылыстың ұзақ жылдар бойы халық игілігіне жарағанын айтады. Жылдар озды, темір де тозды. Әрі тұтас дәуірге созылған қуаңшылықтан су жолдары да ұмытылды. Бірақ, 2024 жылы болған су тасқыны даланың картасын қайта сызып шыққандай. “Ауылдың шетіне “өз аяғымен” келген ағыл - тегіл судың игілігін көру керекпіз” - жарияға жар салып, жұртты жұмылдырып жүрген жігіттің бірі - Айдархан Рамазанов. Даттың ұлы Сырым “Қарадан хан болсам, Халқым қалаған болар!” - дегендей, халық қалап сол Айдархан бүгін де Жетікөл ауылдық округінің әкімі болды. Бөгетті қалпына келтіру енді оның арманына емес, міндетіне айналғандай.

Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязовтың тікелей қолдауымен күрделі шаруаның күрмеуі шешілді.

Әкімнің тапсырмасымен инженерлік құрылысты қалпына келтіру жұмыстары үшін жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталды. Ол құжат сараптаманың оң қорытындысы алуға дейін де көзге көрінбейтін көп тірлік атқарылды.

Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу порталы арқылы мердігер таңдалып, «Құрылыс Газ» ЖШС жұмысқа кірісті. Жыл аяғына дейін құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарлануда.

- Бұрындары 7000 га шабындық алқапқа су шығып, Жетікөл шөптің өнімділігі бойынша көш бастаған кезеңдер болған. Әрине, бөгет қалпына келсе, дарияда су жатады, мал азығы мол болады. Одан бөлек, табиғат жанданып, аң мен құс дүниесі түрленіп, ауыл маңы қорыққа айналар еді. Бөгеттің қақпалары соңғы рет 1993 жылы майланған шығар. Содан бері күтімсіз қалды. 2024 жылы өзеннің бойымен келген топан су Сәт, Қарақамыс, Есентемір, Бозай айдындарын толтырды. Су жолдарын техникалық әдіспен реттесек ұтарымыз көп, - дейді ауыл әкімі.

Иә, ауылдың өмірінде мектеп, медициналық пункт, мәдениет үйі қандай, бөгеттің орыны сондай.

Қазіргі бекітілген техникалық талап бойынша су жолдарына төрт жерден басқарылатын шүмек қойылмақ.

Жетікөл ауылдық округі тұрғындары есептік жиында екі мәселе көтеретін болса, оның бірі - жол, екіншісі - электр желілері.

Биыл сол шаруаның бірі - жолдың жайы да жолға түскендей. Қосарал ауылына дейінгі кірме жолдың жарты бөлігіне (26 шақырымның 14 шақырымы ) құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу порталы арқылы конкурс жарияланып, “Тоби” ЖШС мердігер болып танылды.

Мердігер бүгінгі күнге өз қаражаты есебінен жол құрылысына қажетті материалдар тасымалдауда.

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале