13.11.2025, 10:30
Оқылды: 198

«AMANAT» партиясының облыстық филиалы атқарылған жұмысын қорытындылады

«AMANAT» партиясының облыстық филиалы жыл басынан бері атқарылған жұмыстарының қорытындысын шығарды. Партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесіп, 2025 жылдың 10 айындағы негізгі нәтижелермен бөлісті.

WhatsApp Image 2025-11-13 at 10.16.26

Азамат Сафималиевтің айтуынша, партияның 2023–2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы өңір халқының өтініш-тілегі мен өзекті мәселелерін қамтыған. Бағдарлама аясында облыс бойынша көзделген 113 тармақтың 40-ы толық орындалған.

Аяқталған іс-шаралар шеңберінде 3,5 млрд теңге көлеміндегі 4 инвестициялық жоба іске қосылып, 193 жаңа жұмыс орны ашылды. 2025 жылдың басынан бері облыста 7,5 мың тұрақты жұмыс орны құрылды.
Сонымен қатар, 330 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2,8 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Биыл 1860 орындық 3 мектеп, 15 медициналық мекеме ашылды. Сондай-ақ, 200 шақырым жол жөнделіп, 59 жаңа автобус сатып алынды. Қазіргі таңда облыс халқының 97%-ы таза ауыз сумен қамтылған.

WhatsApp Image 2025-11-13 at 10.16.27

–«Ұлттық мұра» жобасы аясында Қадыр Мырза Әлидің 90 жылдығына арналған облыстық әдеби байқау ұйымдастырылып, үздік ақындар марапатталды. «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша 9975 адам қаржылық сауаттылық негіздерінен оқудан өтті, жоспар толық орындалды.

WhatsApp Image 2025-11-13 at 10.16.26 (2)

«Бақытты отбасы» жобасы шеңберінде балалардың жазғы демалысы сапалы өтуі үшін лагерьлерге мониторинг жүргізілді. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға жағдай жасау және инклюзивті мәдениетті дамыту бағытында нақты ұсыныстар айтылды. «Кедергісіз келешек» жобасы аясында оқушылар арасында өткен «Тең мүмкіндіктер» спорт фестиваліне 80-нен астам бала қатысып, жеңімпаздар республикалық кезеңге жолдама алды, – деді А. Сафималиев.

Сондай-ақ, «Кітап–AMANAT» жобасы аясында алғаш рет «Әр парақ – AMANAT» атты әдеби кездесу кеші ұйымдастырылды. Жоба ай сайын жалғасып, әр отырыста бір кітап талқыланады.

2023 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл халқының табысын арттыруды мақсат етеді. 2023–2024 жылдары бағдарлама арқылы 9,4 млрд теңгеге 1317 микрокредит беріліп, 1604 жаңа жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде ауыл тұрғындары сүт, ет, құс және өсімдік шаруашылығын дамыту бағытында белсенділік танытты. Бағдарлама аясында 6 773 бас сүтті ірі қара, 17 235 қой, 84 947 құс сатып алынған. Былтыр жергілікті бюджет есебінен 6 кооперативке 311 млн теңгеге ауылшаруашылық техникасы мен жабдықтар лизингке берілді.

Бағдарламаның тиімділігін арттыру үшін Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігіне лизинг тетіктерін жетілдіру туралы ұсыныстар жолданып, қараша айында жаңа толықтырулар енгізілді.

–«Ауыл аманаты» қатысушыларының өнімдері облыс орталығындағы жәрмеңкелер мен ірі сауда орындарында тұрақты сатылуда. Биыл Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В. компаниясымен меморандум жасалып, ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу жүйесі жолға қойылды,– партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы

Аталған меморандум аясында жалпы 855,6 млн теңгеге өнім өткізілді, оның ішінде:

  • сүт өнімдері – 39 млн тг (8,8 т);
  • жұмыртқа – 219 млн тг (3,77 млн дана);
  • ет өнімдері – 504 млн тг (168 т);
  • көкөністер – 93 млн тг (487 т).

Жыл соңына дейін тағы 207 млн теңгенің өнімін жеткізу жоспарланып отыр.

Қоғамдық қабылдаулар мен әлеуметтік қолдау

Жыл басынан бері партияның облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне 2719 өтініш түсті, олардың 45%-ы оң шешімін тапқан. Облыс және қала әкімдері, депутаттар мен мемлекеттік органдардың өкілдері 961 қабылдау өткізді. Сонымен қатар, 60 мобильді қабылдау ұйымдастырылып, 237 тұрғынның өтініші қаралды.

WhatsApp Image 2025-11-13 at 10.16.26 (1)

«Құқықтық көмек» жобасы аясында 14 қабылдау өткізіліп, 56 адамға құқықтық кеңес берілді.

Партияның әйелдер қанаты да белсенді.Облыстық филиал жанындағы Әйелдер қанаты «Әйел аманаты» жобасы аясында «Ақжайық арулары» саяси көшбасшылық мектебі ұйымдастырды. Қазіргі таңда оған қатысушылар саны өсуде. Тіпті партия қатарына өтушілер саны да артып келеді. Әйелдер қанатының бастамасымен түрлі әлеуметтік және мәдени іс-шаралар өткізіліп, өңірдегі әйелдердің қоғамдық белсенділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Қорытынды

«AMANAT» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы атқарған жұмыстар халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, ауылдық жерлерді дамытуға және азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Партия өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта да «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясындағы міндеттер толық орындалатын болады.

Кездесу барысында Азамат Сафималиев журналистер сауалына жауап берді. Сауалдар негізінен жайылым жерә, “Қаладан ауылға” бағдарламасы, “Дипломмен ауылға” бағдарламасына қатысты болды.

          Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале