Сырым ауданындағы Тоғанас ауылында шаруасы ширақ Досановтар отбасы тұрады. Қыркүйек айы басында осы отбасымен кездесіп, мән-жайға қанық болдық.
Кәсіпкер Әлия Досанова ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындап, оны облыс көлемінде нарыққа шығарып отыр. Ол 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несие алып, бірнеше сиыр сатып алған.
Сол жылы «Дәрмен» жеке кәсіпкерлігін құрып, жеңілдетілген 2,5 пайыздық үстемемен 7 млн 600 мың теңге несие алған. Бүгінде қаймақ, сары май, құрт, сүт, айран секілді табиғи өнімдерді үй жағдайында дайындайды. Кәсіпкер Досанова қазір мал басының саны артқанын айтты. Былтыр ол кәсіп аясын кеңейту мақсатында Ақтөбе қаласында өткен ауыл шаруашылығын дамыту сабағына қатысып, шұжық жасау тәсілін қосымша курс арқылы оқып, үйреніп алған. Бүгінде сиыр және жылқы еттерінен шұжық дайындап, сатылымға шығаруда.

– Менің негізгі мамандығым – дәрігер. Қазіргі таңда ауылдық амбулаторияда еңбек етемін. Ауылдық жерде ғұмыр кешкен адам шаруашылық жайына бет бұрмауы мүмкін емес. Қазір ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс та артты. Жұбайым Нұрлан Досанов екеуміз кәсібімізді дөңгелетіп отырмыз. «Кәсіп бастаймын, оны әрмен қарай дамытамын» деген азаматтарға мемлекеттік бағдарламалардың тигізер пайдасы зор. Өзіміз «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көрудеміз. Менің ойымша, 2,5 пайыз үстеме арқылы берілетін несие өте тиімді. Әрі несие демалысы да кәсіп иелерінің аяқтанып алуына мүмкіндік береді. Несиені айлық, тоқсандық, жартыжылдық негізде өтеуге болады. Біз алты ай сайын 800 мың теңге төлейміз. Екі жылдың ішінде мал басының саны да көбейді. Қазір 20 сауынды сиыр бар. Таң азанмен ұйқыдан ерте оянып, сиыр сауамын. Содан соң сүттартқыштан өткізіп, қаймағын бөліп аламын. Сүтті ұйыту арқылы құрт, айран жасаймын. Ал қаймақтың бір бөлігін былғап, сары май дайындаймын. Өнімнің құрамы – 100 пайыз табиғи. Сатып алушылар өте көп. Облыс аумағымен қатар, Астана, Ақтөбе, Атырау қалаларынан да тұтынушыларымыз бар. Жұбайым Нұрлан Орал қаласындағы клиенттерге сұраныстары бойынша өнімдерді жеткізеді. Жыл сайын 50-ге жуық үйрек балапанын сатып алып, өсіреміз. Осы жылы тауықтарымыз 100 балапан басып шығарды. Оған қоса, биыл сиыр және жылқы еттерінен шұжық дайындауды қолға алдым. 2024 жылы Ақтөбе қаласынан арнайы курс оқып, шұжық жасау технологиясын меңгердім. Еттартқыш, пеш, өнімді қаптау құрылғысын Алматы қаласынан алдырдым.
Ысталған етті де сатамыз. Таяуда Шымкент қаласынан 500 мың теңгеге ыстағыш құрылғысына тапсырыс бердім. Сиырдың тілі, қойдың құйрық майы, сондай-ақ өзге де мүшелері, үйрек пен қаз еті осы құрылғы арқылы ысталады.

Алдағы уақытта аула ішіне шағын цех жасақтағым келеді. Сонда бұл құрылғы бір орында орнығып тұрушы еді. Қайткенмен, қазіргі дамыған заманда барлық нәрсе техниканың күшімен игеріледі ғой. Жаңа цех салынса, өнім көлемі артып, бірнеше азаматты жұмысқа алушы едім. Биыл Орал қаласындағы «Салтанат сарайы» ғимаратында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі өтті. Аталмыш іс-шараға қатысып, жауапты сала мамандарына осы ұсынысымды жеткіздім. Цех құрылысының жұмысына қаражат керек. Қазір мемлекеттен кәсіпкерлік мақсатта қайтарымсыз грант негізде ақша алу үшін құжат жинаудамын, – дейді Әлия Бақытжанқызы.

Отбасы тірегі Нұрлан Досанов «Жас дәурен» деп аталатын шаруа қожалығын жүргізіп отыр. Бұл қожалық меншігінде 1,5 гектар жер және бес трактор мен бірнеше техника бар. 100-ге жуық ірі қара, 80 бас жылқы өсіріп отыр.
– «Қыстың қамын жаз ойла!» дегендей, қазір мал азығын жинаудамыз. Шөп жинау, мал бағу үшін ауылдың бес азаматын жұмыспен қамтып отырмыз. Жаз мезгілінде шаруа қауырт болғандықтан, еңбеккерлерге 300 мың теңге көлемінде жалақы береміз. Оған қоса, жұмысшылар қысқы мал азығын да тегін алады.
Биыл егістікті қолға алып, жер жыртып, тыңайтқыш септік. Ауылдың маңында егін көп. Тұрғындардың жазда бос жатпай, бар уақытын қыр басында өткізетіні қуантады. Егіс алқаптарын жиі таптайтындықтан, жылқының санын екі есе азайттық. Қазір 80-ге жуық жылқы өрісте жайылып жүр. Шаруашылыққа қажет тракторларды лизингке алдым. Ай сайынғы төлем аяқталған соң, техника менің жеке меншігіме өтеді. Ауыл азаматтарына осындай мүмкіндіктер беріп, қолдау көрсетіп отырған мемлекетімізге алғысым шексіз. Онымен қоса, 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтары» жылы деп аталуы, біздің кәсібіміздің насихатталуына себеп болды. Облыс орталығында ауыл шаруашылығы өнімдеріне арналған іс-шара жиі ұйымдастырылуда. Біз оның бірнешеуіне қатысып, өз өнімдерімізді жарнамалап қайттық, – дейді Н. Досанов.

Бұл отбасының ауласы тұтас баубақша. Әсіресе, кілемдей төселген түрлі-түсті гүлдер аула ішіне көрік беріп тұр.

Әлия Досанова мереке күндері гүл сұрап келген тұрғындардың бірауыз сөзін екі етпей, олардың өтінішін жерге тастамай, букет жасап беретін көрінеді. «Гүл өсіру – сүйікті кәсібім. Күн райы құбылғанда солғын тартып қала ма деп қатты уайымдаймын. Ауладағы көгалды алаңда пион, портулак, георгин, гладиолус, хризантема және раушан гүлдері бар. Болашақта гүлді көп өсіріп, сатылымға шығарғым келеді», – дейді Әлия ханым әсем бағына жүзі нұрлана қарап. Бірінің бастамасына бірі демеу болған отбасының кәсібіне сәттілік тілеп, біз өз жөнімізбен кеттік.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»,
Сырым ауданы