Екі күндік Қазақстан-Ресей XXI өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында «Jaiyq Arena» спорт кешенінде Қазақстан Республикасының колледждері мен кәсіпорындарының ынтымақтастық көрмесі өтті.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, көрші ел мен өңірлерден келген делегация көрмені тамашалады. Өңір басшысы айтып өткендей, көрмеге республиканың әр түкпірінен 14 колледж қатысса, соның төртеуі – батысқазақстандық оқу орындары. Мысалы, М. Тынышбаев атындағы ALT университетінің оқытушылары мен студенттері роботтехника саласындағы жетістіктерін көрсетті. Олар түрлі дрондар мен робот-итті таныстырды. Ал Шыңғырлау колледжінің оқытушылары көрмеге студенттерді трактор жүргізуге машықтандыратын тренажер алып келген.
– Қазақстан мен Ресей арасындағы достық пен сенімге негізделген қарым-қатынас нығайып келеді. Қос елдің Президенттері белгілеген бағыттарға сай біздің өңірлердің арасындағы экономикалық байланыстың дамуына осындай форумдар негіз болып отыр. Бүгінгі форум – соның айқын дәлелі. Биыл Мемлекет басшысы Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Ауқымды іс-шараны осы мамандықтарға арналған деп есептеуге болады. Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы 20 жылдан астам уақыт бойы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Біздің облыста екінші рет ұйымдастырылып отыр. Яғни 2006 жылы ІІІ форум өткізілген. Екі ел арасындағы сауда байланысы артып келеді. Оған дәлел, соңғы үш жылда Батыс Қазақстан облысы мен Ресей Федерациясының арасындағы сыртқы сауда айналымы 2 млрд АҚШ долларынан асты. Сонымен қатар өңірде шетелдік компаниялардың қатысумен 2 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Соның 50%-ы – ресейлік компаниялар. Өңірдегі колледждер дуалды оқыту жүйесі арқылы ірі кәсіпорындармен байланыс орнатты. Соның нәтижесінде студенттер теориялық білімін нақты іспен дәлелдеп, қажетті мамандар даярланып жатыр. Біздің өңір Ресейдің бес облысымен шекаралас. Сондықтан тығыз сауда-экономикалық қарым-қатынас орнаған. Әртүрлі бағыттағы шекара өткізу бекеттері бар. Биыл Мемлекет басшысының қолдауымен «Сырым» мемлекеттік шекара өткізу бекетін жаңғырту басталды. 2026 жылы «Тасқала» бекеті де жаңғыртылады. Бұл екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынасты нығайтуға, логистикалық байланысты жақсартуға және жолаушылар мен жүк көліктеріне қолайлы жағдай жасайды. Сумен қамтамасыз ету мәселесі де ерекше назарда тұр. Облысқа су ресурстарының 80%-ы Ресей аумағындағы трансшекаралық өзендерден келеді, – деді өңір басшысы Нариман Төреғалиев. Ол мұндай форумдар алдағы уақытта тиімді нәтиже беретініне сенім білдірді.

ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев өңіраралық ынтымақтастық форумы 20 жылдан астам уақыттан бері екі ел арасындағы стратегиялық диалог пен практикалық ынтымақтастықтың маңызды алаңы болып келеді деді. Ал көрмеден Қазақстанның энергетика, көлік, логистика, IT-сектор, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу салаларындағы озық технологияға негізделген кәсіпорындарының жетістіктерін көруге болатынын атап өтті.
– Біздің ортақ мақсатымыз – өңіраралық ынтымақтастықты нығайту және сауда-экономикалық байланысты кеңейту. Біз жақын арада екі ел арасындағы өзара сауда айналымын 30 миллиард долларға дейін арттыруды көздеп отырмыз. Ресей – біздің негізгі стратегиялық, сауда-экономикалық серіктесіміз. Кейінгі бес жылда сауда айналымымыз 50%-дан, былтыр 28 миллиард доллардан асты. Қазірдің өзінде 4,4 миллиард долларға 30 бірлескен жоба іске асырылуда. Бұл 12 000-нан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта 30,8 миллиард доллар көлеміндегі тағы 29 жоба және 23 000-нан астам жаңа жұмыс орнын жасақтау жоспарланды. Бұл жобалар өнеркәсіптік өсімнің негізін құрайтын энергетика, машина жасау, металлургия, химия және ауыл шаруашылығы салаларына бағытталған, – деді Арман Абайұлы.
Министрдің айтуынша, Қазақстанда Еңбек нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы жүзеге асып келеді. Оның мақсаты – жұмысшылардың біліктілігін арттыру және кем дегенде 3,8 миллионнан астам сапалы жұмыс орнын дайындау. Бұл жалпы жұмыспен қамтудың 45%-ын құрайды. Қазақстан мен Ресей дуалды және кәсіптік білім беру бағдарламаларын белсенді түрде дамытып келеді. Министр айтқандай, қазір Ресей жоғары оқу орындарында 55 000-нан астам қазақстандық студент, ал Қазақстанда 2000-нан астам Ресей азаматы білім алып жүр. «Жаңа технологиялар бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторына айналуда. Қазақстан экономиканың барлық саласында жасанды интеллектті белсенді енгізуде. Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютерлік кластер іске қосылды. Жасанды интеллект акселераторлары мен білім беру бағдарламалары – AI Qyzmet, AI Sana және AI Olymp дамып келеді. Біз тек технологиялар жасап қоймай, оларды кең көлемде қолданысқа енгізу үшін орта қалыптастырудамыз», – деп сөзін түйіндеді министр.

Наиля Исхакова,
РФ Орынбор облысының еңбек және халықты жұмыспен қамту министрі:
– Бүгінде тек Ресей Федерациясында емес, барлық жерде жұмысшы мамандықтар тапшылығы сезілуде. Біздің ел жұмысшы кадрлар даярлауға ұдайы назар аударып келеді. Студенттер колледждерде екі жыл он ай оқиды. Біздің міндетіміз – әр студенттің оқыған мамандығы бойынша жұмыс істеп, дүниенің кірпіші болып қалануына жағдай жасау. Бұл бағытта жұмсалған мемлекет қаражаты текке кетпеуі қажет. Студенттер екінші курстан бастап жұмысқа орналасады. Форум барысында әріптестерімізбен, оқу орындарының басшыларымен кездесіп, сөйлестік. Өзім жастар орталығында пайдалануға тұрарлық бірнеше жайтты белгілеп алдым. Қажетті ақпараттар, тәжірибе жинадым.

Светлана Кумова,
Ю. Гагарин атындағы Саратов мемлекеттік техникалық университетінің өкілі:
– Ұзақ жылдар бойы көптеген елде жұмысшы мамандықтарға тиісінше назар аударылмады. Соның нәтижесінде бұл мамандықтарға деген сұраныс артып, тапшылық пайда болды. Қазір Ресейдің қалаларында да сала мамандарына деген сұраныс байқалады. Саратовта жұмысшы мамандықтар Ю. Гагарин атындағы Саратов мемлекеттік техникалық университетінің құрамындағы колледжде даярланады. Яғни жұмысшы мамандықтарға жоғары білім, орта кәсіби білім беріледі. Техникалық университет бірнеше жылдан бері «Гагарин класы» жобасын жүзеге асырып келеді. Онда жоғары сынып оқушыларына мамандық таңдауға бағыт-бағдар беріп, жұмысшы мамандықтардың дағдыларын үйретеді. Бүгінде цифрлық экономика дамып келеді. Жаңа цифрлық мамандықтарға деген сұраныс қалыптаса бастады.

Сергей Зюзин,
Саратов облысының Александров Гай ауданының басшысы:
– Біз Қазақстанның көршілес ауда-ны – Казталов ауданымен меморандумға отырдық. Бұл аудан Александров Гай ауданымен шектесіп жатыр. Алдағы уақытта экономика, білім және спорт салаларында ынтымақтаса жұмыс істейміз. Бұл қос елдің көршілес аумақтары арасындағы іскерлік, достық қарым-қатынасты арттырады деген үміттемін. Қазақстандық кәсіпорындар мен колледждердің көрмесін көрдік. Әсіресе оқушылардың көрмеге тамсана, тамашалай қарағаны өте қызықты болды. Форумның тақырыбына арқау болған жұмысшы мамандықтардың мән-мазмұны осы көрмеде ашыла түскендей көрінді. Бүгінде жасанды интеллект көптеген салаға әсер етуде. Мысалы, энергетика саласында техника қауіпсіздігін сақтауда қолданылады.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»