14.11.2025, 21:00
Оқылды: 87

Жаңақалада отбасындағы ана тәрбиесіне қатысты семинар тренинг өтті

Бүгін Жаңақала колледжінде «Amanat» партиясының аудандық филиалы мен аудандық Отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен аталмыш партияның жанынан құралған «Әйелдер қанаты» кеңесінің кезекті отырысы мен «Отбасындағы ана тәрбиесінің психологиялық ерекшеліктері мен маңызы» атты семинар тренинг өтті.

image-14-11-25-05-18-4

Мақсаты – әйелдің қоғамдағы және жанұясындағы орнының маңыздылығын айқындау, ананың тәрбиелік рөлін арттыру. Кездесуге «Әйелдер қанаты» кеңесінің жетекшісі Гаухар Шайхиниязова, Орал қалалық дағдарыс орталығының басшысы, кәсіби психолог, тренер Гүлнар Кабулова, аудандық, ауылдық аналар кеңесінің төрайымдары мен мүшелері, ұстаздар, психологтар мен жергілікті тұрғындар қатысты.
«Amanat» партиясының Жаңақала аудандық филиалының атқарушы хатшысы Гүлбану Дағарова шараны ресми ашып, алғашқы сөз кезегін Гаухар Жәрдемқызына ұсынды. Ол 2023 жылы құрылған кеңестің мақсаты мен міндетіне, сондай-ақ партияның әйелдерге арналған бастамалары мен нәзік жандылардың қоғамдағы рөліне тоқталды.

image-14-11-25-05-18

Келесі сөз тізгінін алған отбасылық кеңесші Гүлнар Қалауқызы ана мен бала арасындағы эмоционалды байланыс, ана үлгісінің бала тұлғасының қалыптасуына әсері, отбасындағы қарым-қатынас мәдениеті жөнінде кеңінен ашып айтты. Психолог маманның айтуынша, баланы білімге 3 жасынан бастап баулып, жиі мақтап, шектеуден гөрі қолдау танытып отырса, балада имидж қалыптасады. Әсіресе өтпелі кезеңде баланың бойында физиологиялық және психологиялық өзгерістер жүретіндіктен, ата-ана перзентімен көп сырласып, әңгімелесу қажет. Сонда ғана қауіп-қатер мен құқықбұзушылықтың алдын алуға болады.

image-14-11-25-05-18-1
Шара барысында сонымен бірге сергіту сәті де ұйымдастырылды.
Жиынды қорытындылаған Гүлнар Қалауқызы залда жайғасқан әйелдер қауымының мінез-құлықтарына мінездеме беріп, сөз соңында армандай білуге, армандаудан шаршамауға шақырды.
Жиыннан соң іссапар Бірлік ауылында жалғасын тауып, қозғалған тақырып төңірегінде ауыл тұрғындарына жеке қабылдау ұйымдастырды.
Гүлнар Кабулова: - Бұл кездесуде тұрмыстық жағдайы әртүрлі нәзік жандылар қатысты. Ойларын іркілмей жеткізіп, берілген тапсырмаға белсене атсалысып, тренингке етене араласты. Берген мінездемеме қанағаттанулары мен үшін үлкен жетістік. Психолог ретінде өз мақсатыма жеттім деп ойлаймын.
Айнұр Алпамысқызы: - Бүгінгі тренинг барысында ананың отбасындағы рөлі жайлы бұрын ескермеген маңызды тұстарын байқадым. Жәйлі атмосферада өткен шарада әркім өз ойын ашық әрі еркін жеткізді. Ана тәрбиесінің баланың эмоционалды интеллектісіне әсерін жаңа қырынан түсіндім және отбасындағы климатты жақсартуға арналған әдістерді үйрендім. Балаларыма жылы сөз айту, қолдау көрсету, құшақтау сияқты қарапайым, бірақ маңызды әрекеттерді жиі қолдануға ниеттендім. Алдағы уақытта солай жасаймын деп өз-өзіме серт бердім. Көпшілікке ой салатын, тәжірибемен толықтырылған тренингтен тамаша әсер алдым.

Айзада Ақбасова
Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале