Ақтөбе қаласында өткен «Халық шығармашылығы мен мәдени қызметкерлерді ұйымдастыру орталығы» ұйымдастырған балалар мен жасөспірімдерге арналған көпжанрлы республикалық шығармашылық «ZHULDUZ Festival» байқауында «ОРТА» дарынды балалар орталығының үлгілі «Айналайын» ансамблі зор жетістікке қол жеткізді.

Өнерлі өрендер шығармашылық додада ерекше талантымен көзге түсіп, І орынды иеленді. Бұл – ансамбльдің кәсіби дайындығының жоғары деңгейін, балалардың өнерге деген сүйіспеншілігін және жүйелі жұмыстың жемісін көрсететін маңызды жеңіс.
Сонымен қатар, «Айналайын» ансамбліне 2025 жылдың ақпан айында Ақтау қаласында өтетін үлкен жобаға тегін жолдама табысталды. Бұл алдағы уақытта өнерлі балалардың тәжірибе алмасып, үлкен сахнада өз мүмкіндіктерін тағы да дәлелдеуге жол ашпақ.

Ансамбльдің шығармашылық табыстары жетекшісі Нұрмұханова Гүлшат Нұрболатқызының еңбегімен тікелей байланысты. Ұстаздың талабымен, ынтасымен және өнерге деген сүйіспеншілігімен дайындалған жас өнерпаздар биік белестерді бағындыруда.
«Айналайын» ансамблінің бұл жеңісі – «ОРТА» дарынды балалар орталығы үшін үлкен мақтаныш, ал Ақтауда өтетін жоба – жаңа мүмкіндіктердің бастауы болмақ.
Шынар Молданиязова
Сырым ауданы