20.11.2025, 11:48
Оқылды: 208

Ажары артқан Шыңғырлау

Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында Шыңғырлау ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берген аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев биыл өңірде бірқатар маңызды көрсеткіштің оң үрдіс көрсеткенін атап өтті.

WhatsApp Image 2025-11-20 at 12.44.31

Әкімнің айтуынша, ауданның даму қарқыны, ең алдымен, мемлекеттік бюджет қарқыны мен жеке инвестициялардың түсуіне байланысты. Биыл аудан бюджеті 8 млрд 420,1 млн теңгені құрап отыр. Оның ішінде өзіндік кірістер көлемі – 1 млрд 031,4 млн теңге, ал салықтық түсімдер 946 млн 527,9 мың теңгеге жеткен. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі де алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,8%-ға өсіп, 494 млн 878 мың теңгені құрады. Әкім бұл көрсеткіштерді аудан экономикасының тұрақтылығын айқындайтын негізгі факторлар ретінде бағалады.

– Ауданның инфрақұрылымдық дамуы биылғы есепті кезеңнің маңызды бағыты болды. Мемлекет басшысының елді мекендерді сапалы ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз ету туралы тапсырмасы толық орындалды. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 396 млн теңгеге Сегізсай ауылында су құбырының құрылысы жүргізіліп, толық аяқталды. Сонымен қатар тұрғын саны аз елді мекендерге кешенді-блок модульдер орнату арқылы Аққұдық, Қайынды, Ұрысай, Қотантал және Ақсоғым ауылдарының халқына таза ауыз су жеткізілді. Бүгінде аудан тұрғындары ауыз сумен толық қамтылды, – деді әкім.

Жиында автокөлік жолдарын жақсарту бағытындағы жұмыстар кеңінен баяндалды. Шыңғырлау ауданындағы аутомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 343,9 шақырым. Оның ішінде республикалық және облыстық деңгейдегі жолдардың барлығы асфальтталды. Ал аудандық маңызы бар 275,9 шақырым жолдың 106,4 шақырымы ғана асфальтпен жабылды. Қалған бөлігін жөндеу үшін 5 жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, іске асқан жағдайда аудан орталығы мен ауылдар арасындағы қатынас айтарлықтай жақсармақ. Биыл Шыңғырлау–Ақшат–Сегізсай бағытындағы жолдың 47–62 және 62–77 шақырымдарына орташа жөндеу жұмыстары басталды. Жаңакүш, Мырзағара, Қайынды және Шоқтыбай ауылдарына кірме жолдарды жөндеуге 333,8 млн теңге бөлініп, 14,5 шақырым жолдың астыңғы бөлігі нығайтылып, қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілуде.

– Электр энергиясымен қамту мәселесі биыл үлкен өзгерістерге ие болды. Аудан орталығындағы әуе желілерін қайта құру жобасы екі кезеңге бөлініп, оның алғашқы кезеңі толық аяқталды. Бюджеттен бөлінген 433 млн теңгеге 29,5 шақырымдық 0,4 кВ әуе желілері қайта тартылып, 906 тірек бағанасы, 466 жарықтандыру шамы және үш трансформатор орнатылды. Бұған қоса құны 1 млрд 200 млн теңгені құрайтын ірі жоба аясында Ақбұлақ, Ағатан, Қотантал, Алмаз, Сегізсай, Аққұдық және Жаңакүш ауылдарында 10 кВ және 0,4 кВ желілері толық жаңартылады. Жыл басында электр желілерінің тозуы 90 пайызды құраса, осы жобалар іске асқаннан кейін бұл көрсеткіш 72 пайызға дейін төмендейді. Электр желілерін жаңарту – авариялық жағдайларды азайтып, халыққа қызмет сапасын арттырудың басты тетігі. Бұл жұмыстарды уақтылы жүргізу өте маңызды. Биыл аудан орталығындағы темір жол вокзалының құрылысы басталды. Жоба мердігері «ТасқалаТрансгаз» ЖШС нысанның қабырғаларын қалап, құрылыс жұмыстарын жүйелі жүргізуде. Жаңа вокзал пайдалануға берілген соң аудан тұрғындары сапалы, заманауи теміржол қызметтерін пайдалана алады. Басталған құрылыс және күрделі жөндеу жобалары жыл соңына дейін аяқталмақ, – деген Мұрат Амангелдіұлы  ауданның дамуы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталғанын және кез келген жобаның түпкі мақсаты халыққа қолайлы жағдай жасау екенін атап өтті.

Ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі елді мекендердің келбетін жақсартуға, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты істермен толықты. Биылғы жылы абаттандыру бағытында қолға алынған жұмыстардың көлемі айтарлықтай ұлғайды. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауданда кең ауқымды тазалық жұмыстары жүргізіліп, жасыл аймақтарды көбейтуге басымдық берілді. Елді мекендер аумағына 17 600 түп ағаш көшеті отырғызылып, ауылдардың келбеті біршама көркейе түсті. Бұдан бөлек 158 тонна тұрмыстық қалдық шығарылып, 37 үйдің орны мен айналасындағы қоқыстар толық тазартылды. Ұлы Отан соғысының 80 жылдығы қарсаңында Шыңғырлау, Ақшат және Алмаз ауылдық округтерінде тұратын тыл еңбеккерлерінің аулаларына жиырма шақты жаңа орындық орнатылды.  Аудан орталығы мен ауылдық округтердегі саябақтар мен ескерткіштерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Әсіресе аудан орталығындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдық ескерткіш» толық жаңартылып, жаңа орындықтар, жарық шамдар қойылды. Саябақтың негізгі бөлігіне тас төселіп, тұрғындардың тынығуына қолайлы орта жасалды.

– Жыл басында Шыңғырлау ауылында көптен күткен ауылішілік қоғамдық көлік маршруты ашылды. Аутобус дүйсенбі-жұма аралығында қатынайды. Жол ақысы ересектерге – 80, балаларға 40 теңге. Әсіресе бюджеттік сала қызметкерлеріне, егде жастағы адамдар мен оқушыларға бұл маршрут өте ыңғайлы. Ауданның облыс орталығымен байланысы да тұрақты. 162 орындық Орал–Шыңғырлау–Орал бағытындағы күнделікті пойыз үздіксіз жүріп тұр (жолақы – 1404 теңге). Ал 16 орындық шағын автобус арқылы қатынайтын тұрғындар 1500 теңгемен Оралға күн сайын барып келе алады, – деген аудан басшысы төтенше жағдайлар қызметі біртіндеп күшейтіліп келетінін айтты.

– Қазіргі таңда ТЖ бөлімі, №23 өрт сөндіру бекеті және Ақшат, Ақтау, Ащысай ауылдарындағы өрт бекеттері тұрақты жұмыс істейді. Биыл Алмаз ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды. Бекет үшін ауылдық мәдениет үйінің бос тұрған ғимараты қайта жөнделіп, облыстық ТЖД тарапынан арнайы аутокөлік пен қажетті құрал-жабдық берілді. Бұл қадам ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін арттыруға айтарлықтай ықпал етеді. Көктемгі су тасқыны Ақшат, Ақтау және Қарағаш ауылдары үшін жыл сайын өзекті мәселе. Осыған байланысты облыстық табиғи ресурстар басқармасымен Шыңғырлау өзенінің арналары кеңейтіліп, тазарту жұмыстарының жобасы әзірленді. Жоба жүзеге асқанда өзеннің табиғи өткізу қабілеті артып, үш ауыл да жыл сайынғы су басу қаупінен қорғалады. Тұрғындар көптен бері көтеріп жүрген тағы бір мәселе – Ақтау ауылына кіреберістегі Шыңғырлау өзені арқылы өтетін жаңа көпір. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама толық әзірленіп, сараптамадан өтті. Ұзындығы 133 метрді құрайтын көпір құрылысын бастау үшін 2 млрд 462 млн теңге қажет. Су тасқынының алдын алу мақсатында аудандық маңызы бар аутомобиль жолдарындағы су өткізгіш нысандар жаңартылуда. Жөндеу жұмыстары Шыңғырлау–Ақшат–Сегізсай жолының 93, 100, 102 шақырымд, Қызылкөл–Ардақ–Ақтау жолының 17, 31, 37, 38, 40, 42, 46 шақырым, Қарағаш ауылының кіреберісіндегі 18-ші шақырымдарына жүргізіліп жатыр. Барлығы 11 су өткізу құбыры толық жөндеуден өтуде. Бұл ауылдарға келетін тасқын судың еркін өтуіне мүмкіндік береді, – деді ол.

Баяндамашы айтқандай, биыл ауданда ауыл шаруашылығы мақсатында жер беру мәселесі ашық әрі жүйелі ұйымдастырылды. Жыл басынан бері 5 конкурс өткізіліп, шаруа қожалықтары мен жеке тұлғаларға 13 677 гектар жер табысталды. Оның ішінде 5 782 га – егістік, 7 796,5 га – жайылым жерлері. Пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бағытында белсенді мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде 10 311 гектар жер мемлекетке қайтарылды (жоспар – 10 000 га, орындалуы – 103%).

– Шыңғырлау ауданының шаруашылық әлеуеті жыл сайын артып келеді. Бүгінде өңірде ауыл шаруашылығы саласында 497 шаруа қожалығы мен жеке кәсіпкер, 12 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 33 өндірістік кооператив жұмыс істейді. Соның ішінде 39 шаруашылық асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Биылғы жылдың 1 қыркүйегіндегі мәліметке сәйкес ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 14 млрд 54 млн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 105,1%-ға өскен. Мал өнімдері бойынша өсім бар. Ет – 2 911,8 тонна (104,2%), сүт – 12 157,2 тонна (103,5%), жұмыртқа – 2,4 млн дана (103,8%). Егіс алқаптарының құрылымы да жыл сайын жаңарып келеді. 2024 жылы аудан бойынша 47 576 гектар жерге егін егілсе, оның ішінде дәнді дақылдар – 6 064, майлы дақылдар 5 783 гектарды құрады. Күздік және жаздық бидай, арпа, тары, құмай, жасымық сынды дақылдардың барлығы бойынша өнім жинау толық аяқталды. Жалпы 8 573 гектар дәнді дақыл орылып, бункерлік салмағы 18,6 мың тонна болды. Орташа өнімділік – гектарына 21,7 центнер. Майлы дақылдар бойынша да жоспар толық орындалып, 4 548 гектар алқап жиналды. Келер жылдың өнімі үшін 1 935 гектар жерге күздік дақылдар себілді. Бұдан бөлек 8 000 гектар алқапта сүдігер жырту жұмыстары жүруде. Аудан тұрғындары арасында бақша шаруашылығына деген қызығушылық артып, Шыңғырлау, Ақшат, Алмаз, Ащысай және Ардақ ауылдық округтерінде жалпы 12,8 гектар жерге қарбыз-қауын, көкөніс, картоп егілді. Аудан орталығында да 810 жеке аула бау-бақша өсірумен айналысады. Биыл тұрғындар сұранысына байланысты қосымша 1,7 шақырым техникалық су желісі тартылып, 40 үйге су жеткізілді. Мал шаруашылығы тұрақты өсім көрсетіп отыр. Ірі қара – 60 626, қой-ешкі – 50 233, жылқы 12 389 басқа жеткен. Мал басын асылдандыру бағытында 62 шаруашылыққа 308 млн теңгеден астам мемлекеттік субсидия берілді. Экспорт та жанданып келеді. «ERGANAT-GRUP» ЖШС биыл Өзбекстанға 212 бас ірі қара жөнелтті. Бүгіндері шаруалардың техника паркі жаңара түсті. Биыл 67 дана жаңа техника сатып алынып, субсидияланды. Жыл соңына дейін тағы 24 техника алу жоспарланған. Қазіргі таңда техника паркінің жаңару деңгейі – 55,8%. Қысқы мал азығын дайындау жоспарға сай атқарылып, 139,8 мың тонна шөп жиналды (107,4%), – деді Мұрат Өмірәлиев.

Ауданда ветеринариялық ахуал тұрақты. Жоспарлы вакцинация мен бірдейлендіру толық орындалуда. Биыл Ақтау, Ардақ және Алмаз ауылдарында жаңа ветеринариялық пункттер салынып, заманауи жабдықтармен қамтылды. Алмаз ауылындағы пункт «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында ашылды. Қарағаш ауылында жаңа ветеринариялық пункт пен мал қорымының құрылысы жүруде. Аудан орталығы Шыңғырлау ауылында және Алмаз, Ақбұлақ округтерінде үш мал қорымы пайдалануға берілді. Ветеринариялық қызметті қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен 5 жаңа автокөлік бөлініп, тағы біреуі ай соңына дейін беріледі. Келер жылы Ақбұлақ пен Ақшат ауылдарында екі жаңа ветеринариялық пункт, сондай-ақ үш ауылдық округте мал қорымдарын салу жоспарланған. Әкімдіктің жоспарына сәйкес 2026 жылға қарай барлық ауылдық округ толыққанды пункттермен және автокөліктермен қамтамасыз етіледі.

Аудан экономикасына жеке инвестиция тарту қарқыны жоғары. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі биыл 8 млрд 787 млн теңгеге жеткен. Сәуір айында қытайлық «Дебонд» компаниясының өкілдері ауданға келіп, шаруаларға суармалы егіншілікке арналған заманауи технологияларын таныстырған. Нәтижесінде екі шаруашылық суармалы жүйелерді енгізуге қызығушылық білдірді.

– Шағын және орта кәсіпкерлік – экономиканың ең серпінді дамитын секторы. Ауданда бұл бағыт тұрақты түрде өркендеп келеді. Бүгінде 970 шағын және орта бизнес субъектісі тіркеліп, олардың 915-і нақты жұмыс істейді. Биыл өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 489,7 млн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 102,7 пайыздық өсім көрсетті. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі – 439,7 млн, азық-түлік өндірісі – 326,8 млн, сусындар өндірісі – 5,2 млн, жеңіл өнеркәсіп – 7,3 млн, резеңке және пластмасса бұйымдары – 9,4 млн, жиһаз жасау – 10,3 млн теңгені құрады. Өңдеу саласына ерекше ден қойған кәсіпкерлердің бірі – «Джалдығұлов» жеке кәсіпкерлігі. «2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында 5 млн теңге грант алып, қолғап өндіретін құрал-жабдық орнатты. Бүгінде кәсіпорын тәулігіне 200 жұп қолғап шығарып, Шыңғырлау, Ақшат ауылдарына, сондай-ақ Ақтөбе мен Орал қалаларына өткізуде. Сонымен қатар аталған кәсіпкер әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті тұрақтандыру қоры арқылы бірінші сұрыпты ұннан өз наубайханасында тәулігіне 300–400 нан пісіріп, 90 теңгеден қолжетімді бағамен халыққа ұсынып отыр. Өндіріс 8 адамды тұрақты жұмыспен қамтыды. Қазіргі уақытта аудан бойынша 7 наубайхана жұмыс істейді. Олар бір тәулікте – 1 500, жылына 522 мың дана нан шығарып, аудан халқының 68,5 пайызын тұрақты өніммен қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы аудан тұрғындарының кәсіп бастауына жол ашты. 2023–2024 жылдары 99 тұрғын жалпы сомасы 684 млн теңге жеңілдетілген несие алды. Нәтижесінде жаңа бағыттағы кәсіпорындар ашылып, қолданыстағы шаруашылықтар кеңейтілді. Биыл бағдарлама бойынша ауданға 241,7 млн теңге қарастырылды. Бүгінде 23 адам несие алуға ниет білдіріп, соның ішінде құс өсіру, балық шаруашылығы, кілем жуу, жүн түту бағыттарында 4 тұрғын жалпы 34,4 млн теңге несие рәсімдеп үлгерді. Бағдарлама аясындағы қолдау ауыл халқының табысын арттырып, ауылдағы қызмет түрінің көбейіп, жергілікті экономиканың әртараптануына ықпал етіп отыр, – деді әкім.

Елді мекендердегі халық санының азаюы мен маман тапшылығын болдырмау мақсатында қолға алынған «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасы Шыңғырлау ауданында айтарлықтай нәтижесін көрсете бастаған. Өткен жылы бағдарлама аясында 55 адамнан тұратын 11 отбасы ауданға қоныс аударды. Олардың 19-ы – ересектер, 36-сы – балалар. Көшіп келген отбасыларға мемлекеттік қолдау көрсетіліп, коммуналдық үйлер ұсынылды, жұмысқа орналастыру шаралары жүргізілді. Ал биыл 6 отбасы, барлығы 36 адам қоныстанды. Оның ішінде 14 ересек, 22 бала бар. 5 адам тұрақты, 3 адам уақытша жұмысқа орналастырылды. Бір азамат кәсіп бастауға қайтарымсыз грант алды.

Әкім баяндағандай, ауданда әлеуметтік нысандарды жаңарту жұмыстары қарқынды. 844,5 млн теңгеге Л. Қылышев атындағы мектеп пен интернатқа күрделі жөндеу жүргізілуде. ҚПО б.в. компаниясының қаржыландыруымен 1 млрд 377 млн теңгеге аудандық аурухана, перзентхана және ас блогы жаңартылуда. Барлық нысанның құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталып, халық игілігіне берілмек.

Аружан АМАНЖОЛ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале