Жақында Орал қаласында алғаш рет жоғары сынып оқушылары арасында «Батыс білгірі» интеллектуалды ойыны өтті. Облыстық қоғамдық даму басқармасының тапсырысымен, облыстық білім басқармасы мен Есенжанов атындағы балалар-жасөспірімдер облыстық кітапханасының қолдауымен, сондай-ақ Ғылыми зерттеулерді қолдау қорының ұйымдастыруымен өткен ойынға аудан, қала мектептерінің оқушылары қатысты.

Бұл жоба – өңір жастарының білімге деген қызығушылығын арттыруға, олардың зияткерлік әлеуетін ашуға бағытталған маңызды қадам болмақ.
Жоба аясында аудан-қала мектептерінің оқушыларына ойынның мақсаты мен шарттары таныстырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, оқушылар белсенді түрде сұрақтар қойып, ойынды қызығушылықпен қабылдады. «Батыс білгірі» оқушылардың логикалық ойлауын дамытып, білімін шыңдайтын жаңа алаң болары сөзсіз.
– «Батыс білгірі» – оқушылардың білімін тереңдетуге, логикалық ойлауын күшейтуге және жаңа идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін зияткерлік алаң. Төрт кезеңнен тұратын интеллектуалдық ойынға оқушылар белсенді қатысты. Облыстық кезеңге 9-10-сынып оқитын 24 оқушы іріктеуден өтті. Соның ішінде төртінші кезеңге дейін жеткен 6 оқушының ішінен үздіктер анықталды. Оқушылар өздері белсенділік танытып, жобаның мән-маңызы туралы әлеуметтік желілерде көбірек жарияласа, келесі жылы да жалғасын табар деген сенімдемін. Осы жоба өңірдің талантты оқушыларын біріктіретін дәстүрлі білім додасына айналып жатса, қуанар едім, – дейді Ғылыми зерттеулерді қолдау қорының атқарушы директоры Айболат Шамұратұлы.
Төрт кезеңге созылған білім додасының нәтижесінде Оралдағы №1 орта мектептің оқушысы Әсем Жәрдем бірінші (800 000), бөрлілік Адель Ұзақбаева екінші (400 000), бәйтеректік Елдар Қайырғали үшінші орын (200 000) биігінен көрінді. Білім додасының соңына дейін жетіп, төртінші орынға ие болған сырымдық Еркін Ердос (150 000) пен оралдық Ғабдысалық Болатқа 100 000 теңге табысталды. Орал қаласындағы №41 мектеп-лицейдің оқушысы Гүлнәзік Тілегенге демеушілер атынан 40 000 теңге көлемінде сыйақы берілді.
Оралдағы алғашқы зияткерлік ойын өңір жастарының арасында ерекше қолдау тауып, оқушылар зияткерлік ойын жыл сайын ұйымдастырылса деген ізгі ниеттерін білдірді. Жеңімпаздар лайықты марапатталып, өз білімдерімен көпшілікке үлгі көрсетті.
Жоба ұйымдастырушылары барлық қатысушыға алғыс айтып, жас зияткерлерге жаңа биіктерді бағындыруды тіледі.
Гүлжамал Жолдығали