19.01.2017, 15:06
Оқылды: 60

Оқушылардың қатынауында қиындық бар

  Бұл жайлы Жәнібек ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшиннің Ұзынкөл және Күйгенкөл ауылдық округтеріне қарасты Еңбекші, Өнеге елді мекендеріндегі есеп беру жиындарында айтылды. Есептік кездесулерде аталмыш ауылдық округтердің әкімдері Алтай Бақтығалиев пен Әлия Оспанова тұрғындар алдында 2016 жылы атқарған жұмыстары туралы баяндама жасады.

  Жиындар барысында Еңбекші тұрғындары ауылдан шығатын жолдың күре жолға дейінгі бөлігін қардан тазалау, халыққа медициналық қызмет көрсету мәселелерін көтерсе, Өнегенің тұрғындары күре жолдың бойына аялдама салу қажеттігін айтты. Сондай-ақ өнегеліктер аудан орталығындағы мектептерде оқитын балаларының ауылмен екі ортаға қатынауы қиындық тудыратынын жеткізді. Аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин аталған мәселелерді шешу бағытында жұмыстанатындығын айтып, ауыл әкімдеріне бірқатар тапсырмалар берді. Аудан басшысы аудан орталығынан Өнегеге оқушыларды тасымалдау үшін наурыз айында жаңа «УАЗ» автокөлігі берілетіндігін тілге тиек етті.

  Есептік кездесулерге қатысқан аудандық жер қатынастары және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Арман Исқақов пен аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Нұрпейіс Елемесов тұрғындарға ауыл шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы мағлұмат берді.

Д.ЗЕННАТ

Жәнібек ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале