Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы мемлекеттік айыптаушылардың кәсіби қызметін жетілдіруге арналған форум өткізді. Іс-шараға облыстық соттың төрағасы, Полиция департаментінің бастығы, судьялар, адвокаттар мен аудандық прокуратура өкілдері қатысты.

Форумның ашылуында облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы сөз сөйлеп, мемлекеттік айыптаушылар қызметін дамыту бағытындағы стратегиялық міндеттерге тоқталды. Ол айыптауды қолдаудың сапасын арттыру, жүйелі тәсіл қалыптастыру және қызметкерлердің кәсіби дағдыларын үздіксіз жетілдіру аса маңызды екенін атап өтті.

Іс-шараның құрметті қонағы, Астана қаласы прокуратурасы басқармасының басшысы Айжан Аймағанова резонанстық қылмыстық істерге қатысу тәжірибесімен бөлісіп, сотта айыптауды қолдаудың заманауи тәсілдері жөнінде баяндама жасады.
Форум барысында мемлекеттік айыптаушылар жұмысының негізгі бағыттары талқыланып, психологиялық тұрақтылық, тиімді коммуникация, соттағы кәсіби мінез-құлық мәдениеті секілді маңызды мәселелерге назар аударылды.

Жас мамандарға қолдау көрсету мақсатында іс-шарада «Мемлекеттік айыптаушының жадынамасы» таныстырылып, оның «Мобильді прокурор» қосымшасымен интеграциясы көрсетілді. Бұл құралдар айыптаушылардың күнделікті жұмысын айтарлықтай жеңілдетуге бағытталған.

Форум қорытындысында облыс прокуроры жоғары кәсібилік танытқан бірқатар қызметкерлерді марапаттап, олардың мемлекеттік айыптауды қолдау және қылмыстық істерді тергеуге қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Бекзат Қанәділ,
zhaikpress.kz
Фотолар Мейірбек Тажқұрановтікі
