Жақында Ақ Жайық өңіріне Астана қаласы прокуратурасының Мемлекеттік айыптауды қолдау және апелляциялық сатыдағы істерге қатысу басқармасының бастығы Айжан Аймағанова келді. Белгілі прокурор қызметтік іссапар барысында ҚазИИТУ ғылыми-білім кешенінде болып, студент жастармен жүздесті.

ҚазИИТУ ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы, профессор Ақсерік Әйтімов қадірлі мейман Айжан Талғатқызын университет алдында қарсы алып, «Құқықтану» факультетінің материалдық базасымен таныстырды. Болашақ прокурорлар мен заң қызметкерлеріне білім беретін бұл факультетте бірнеше кабинет бар. Оқу-криминалистік полигоны, сот залын аралап, Батыс Қазақстан облысы прокурорлары мен үздік түлектер бұрыштары таныстырылды.

Оның ішінде, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, белгілі заңгер Абзал Құспан бар. Одан кейін прокурор ханым университет студенттері құрастырған күн сәулесінен қуат алатын эко-көліктерді тамашалады. Университет жайында ақпараттарға қанық болған соң оқу ордасының мәжіліс залында студенттермен кездесу өтті. Басқсоу алдында университет ректоры Әліби Баяхов іс-шара маңыздылығы жөнінде тілге тиек етіп, сөз кезегін Айжан Талғатқызына ұсынды.

Прокурор Аймағанова өзі еңбек ететін саланың қызығы мен шыжығына тоқталып, студенттер сұрағына жауап берді. Ол өз сөзінде «Күштік құрылымда қызмет етудің жауапкершілігі мол. Көп адам қыз баласына осы салада жұмыс істеу қиын емес пе деген сауал қояды. Менің ойымша, кез келген саланың өзіне тән ауыртпалығы, қиындығы бар. Бірақ өзіңнің бала күніңнен армандап, кейін мамандығыңды жоғары деңгейде жете меңгерсең, ешбір саланың қиындығы жоқ» деп сұрақтарға жауап қатты.

Жиын соңында Айжан Аймағанова факультет білім алушыларына сәттілік тілеп, университет басшылығына және студенттерге алғыс айтты.
Нұрым Ғұмар
Суретке түсірген: Мәди Файзоллаұлы
«Орал өңірі»