28.11.2025, 15:00
Оқылды: 69

Қадыр орталығында еңбек ардагері Шахидолла Әбуғалимен кездесу кеші өтті 

Қадыр орталығында Жаңақала ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Шахидолла Әбуғалимен өткен тағылымды кездесу кеші ел есінде қалды.
image-28-11-25-12-39-2
Биыл жетпістің белесіне шыққан азаматтың есімі өңір халқына жақсы таныс. Өнердің жанашыры, талай таланттың рухани тілеулесі болған Шахидолла Ишанғалиұлы ұзақ жылдар бойы аудандық электр желілерін басқарып, еліне елеулі еңбек сіңірді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны белгілі. Өнегелі еңбек иесін ұлықтауға арналған бұл шара да Президент бастамасымен үндесіп ұйымдастырылған.
Кеш шымылдығын түрген Қадыр орталығы директорының орынбасары Жамиға Камалова осы маңызды бастаманы атап өтіп, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Жанболатұлының құттықтаухатын табыстады.
image-28-11-25-12-39-3
Сахна төрінде Шахидолла Әбуғалиға Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Көшкінбаевтың арнайы құттықтауы мен естелік сыйлығы табысталды. Сонымен қатар аймақ басшысы ардақты жанның өмірлік жолдасы Қойсын анамызға да құрмет көрсетті.
Кешке елімізге танымал ақындар: Амангелді Шахин, Закария Сисенғали және Сағынтай Бисенғалиев қатысып, ардагер азамат туралы жүрекжарды лебіздерін білдірді. Үшеуі де Шахидолла ағасына арнаған жырларын оқып, кештің мазмұнын тереңдете түсті. Астана қаласында тұратын жерлес ақынымыз Асантемір Қаршығаұлы арнайы бейнеқұттықтау жолдады.
image-28-11-25-12-39
«Жаңақала жайсаңдары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Еламан Әйпішев ақсақалдар атынан батасын беріп, өзінің сый-құрметін ұсынды. Ал Шахидолла ағамен ұзақ жыл қызметтес болған аудандық электр торабының басшысы Сәтжан Ғабдуллин мен музей саласының үздігі Амантай Сәлімов өздерінің ыстық ықыластарын жеткізіп, естелік тартуларын табыстады.
image-28-11-25-12-39-1
Шаһидолла Әбуғали қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовпен жақын сыйласқан, оның шығармашылығын ерекше құрметтеген азамат. Осы кешке Табылды Досымовтың қарашаңырағын ұстап отырған Қарлығаш Ибатова келіп, шараның мәнін одан әрі арттырды. Атырау облысы, Индер ауданынан арнайы келген бұл құрметті мейманға оралдықтардың көрсеткен ілтипаты айрықша болды.
image-28-11-25-12-39-4
Кеш барысында Қадыр орталығының талантты әншілері әсем әндерін тарту етіп, көрерменнің ыстық қошеметіне бөленді.
Сыйлыхан Жұмасалық,
Жаңақала ауданы 
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале