Батыс Қазақстан облысында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен елімізде ұйымдастырылған «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» атты республикалық науқан аясында кезекті іс-шаралар өтті.

4 желтоқсан күні Батыс Қазақстан облысы (бұдан әрі – БҚО) әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия өкілдерінің Дариян, Рубежин және Байқоныс ауылдық округтеріне жұмыс сапары болды. Дәстүрлі бастама ретінде «Әйелдер мен қыздарға қатысты цифрлық зорлық-зомбылықтың алдын алуда бірігейік» ұранымен ұйымдастырылған (облыс–аудан деңгейінде) бірлескен ведомствоаралық топтың отырысы өтті. Отырысқа БҚО әкімі аппаратының өкілдері, ауылдық округтердің әкімдері, аудандық прокуратураның прокуроры, БҚО бала құқықтары жөніндегі уәкіл, облыстық және аудандық деңгейдегі құқық қорғау органдарының басшылары мен қызметкерлері, қоғамдық бірлестіктер, аудандық Аналар кеңесі, білім беру, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласы ұйымдары, ІТ саласының өкілдері және басқа да мамандар қатысты.

Одан кейін топ мүшелері Абай атындағы мектеп-гимназия-интернатында және Дариян орта мектебінде (Дариян ауылы), сондай-ақ Қадыр Мырза Әлі атындағы қазақ орта мектебінде (Байқоныс ауылы) болып, жоғары сынып оқушылары және педагогтермен қазіргі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі цифрлық қауіпсіздік және онлайн-зорлықтың алдын алу тақырыптарында кездесулер өткізді. Сонымен қатар Облыстық психологиялық қолдау орталығының арнайы мамандары Рубежин колледжінде «тәуекел тобына» жататын студенттерге қажетті психологиялық көмек көрсетті.

Ведомствоаралық топ жұмысының мазмұны қыздар мен әйелдердің цифрлық зорлық-зомбылық мәселесі туралы хабардарлығын, олардың цифрлық сауаттылығы мен интернеттегі қауіпсіздік ережелері жөніндегі білімін арттыруға бағытталды.

Жұмыстың жеке бағыты ретінде практикалық қолдау көрсету ұйымдастырылды. Топ мүшелері Дариян және Рубежка ауылдарының ерекше назарды қажет ететін тұрғын әйелдеріне барды. Олардың арасында көп балалы, аз қамтылған, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық немесе цифрлық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер болды.
Іс-шаралар жалғасуда.