12.12.2025, 12:00
Оқылды: 15

Облыстың сыртқы сауда айналымы – 5 млрд 953 млн АҚШ доллары

12  желтоқсан – Қазақстан Республикасы Кеден құрылымдарының  құрылған  күні

 

Қазір  облыста  екі  кеден  бекеті бар.  Олар ҚР Қаржы министрлігі  Мемлекеттік  кірістер  комитетінің БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің құрамында қызмет етеді. Себебі Президенттің 2014  жылғы  14 тамыздағы «Қазақстан  Республикасындағы  мемлекеттік басқару  жүйесінің  реформасы  туралы» Жарлығына сәйкес Кеден және Салық комитеттері біріктірілді. Нәтижесінде ҚР Қаржы министрлігінің  Мемлекеттік  кірістер  комитеті  құрылды.  Аталған ведомствоның БҚО бойынша  мемлекеттік  кірістер  департаментінің  басшысы Қанат  Балтабековке  жолығып, осы кеден  бекеттерінің  қызметі  туралы  сұрадық.

WhatsApp Image 2025-12-11 at 15.04.56

Мемлекеттік кірістер құрылымдарының басты міндеті – салықтардың, кедендік және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің толық, уақтылы түсуін, өз құзыреті шегінде елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлеңкелі экономикаға қарсы күресу. Облыс аумағындағы кеден құрылымдарының өз тарихы бар. КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Мемлекеттік кедендік бақылау бас басқармасының 1989 жылғы 10 шілдедегі бұйрығымен Қазақ Республикалық кеденінің «Ақсай» кеден бекеті құрылды. Бекет штатында үш қызметкер болды. Оның қызмет аймағында Орал және Ақтөбе облыстарының аумағы кірді. 1992 жылдың тамызында дербес Қазақстан мемлекеттік кеден қызметін дамыту мақсатында Орал қаласында кеден бекеті құрылды. Кейін «Ақсай» кеден бекеті соның қарамағына өтіп, Орал кедені болып қайта құрылды. Штатында 170 қызметкер болған бекет облыс аумағына қызмет етті. 1994 жылы Орал кедені ҚР Қаржы министрлігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша кеден басқармасы болып қайта құрылды, – деп баяндады Қанат Жолтайұлы.

​Департамент басшысының айтуынша, 1993 жылы облыста «Жәнібек», «Желаев», «Казталовка», «Каменка», ал 1994 жылдың басында «Сайқын», «Шыңғырлау», «Переметный», «Орал» және «Жайық» кеден бекеттері құрылған. Кейін бұл кеден бекеттерінің кейбіреуінің атауы өзгеріп, кейбірі жабылып қалды. Еуразиялық экономикалық одақ аясында 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап үш мемлекеттің арасындағы кеден шекарасы жойылғаны белгілі. Сол кезден бастап аталған бекеттер ҚР Шекара қызметінің бақылауына өткен. Күні бүгінге дейін жұмыс істеп тұрған кейбір нысандар аутокөлік өткізу пункттері болып саналады. Осылайша түрлі реформаны бастан кешкен кеден қызметі бүгінде ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің маңызды саласының біріне айналды.

– Қазір облыста ведомствоға қарасты екі кеден бекеті – «Әуежай – Орал» және «Орал кедендік рәсімдеу орталығы» кеден бекеттері бар. БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің кеден қызметінің басым бағыттары – кедендік төлемдер мен салықтарды жинау, кеден ісі саласындағы қылмыстар және құқықбұзушылықтармен күресу, кедендік ресімдеу және бақылауды ұйымдастыруды жетілдіру, жаңа ақпараттық технологияларды қолданысқа енгізу, тиімді кадрлық-тәрбиелік жұмыс жүргізу, кеден бекеттерінің материалдық-техникалық базасын нығайту. Бүгінде кеден қызметкерлері атқаратын жұмыстың ауқымы артты. Мәселен, кейбір көрсеткіштерді салыстырып көрелік. 1995 жылы республикалық бюджетке 260 млн теңге кедендік төлемдер мен салықтар аударылды. 1998 жылы бұл көрсеткіш 822 млн теңгеге жетті. 1999 жылы аударылған төлемдер – 2 млрд 522 млн теңге. 2004 жылдың қорытындысы бойынша бұл сома 12 млрд теңгені құрады. 2010 жылы батысқазақстандық кеденшілер бюджетке 32 млрд теңгеден астам қаражат аударса, 2024 жылдың нәтижесінде кедендік төлемдердің көлемі 46 млрд 553 млн теңгеге дейін жетті. Бүгінде елдің кеден қызметінің жаңа кезеңі басталды. БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті Қазақстан Республикасы кеден құрылымдары жүйесіндегі стратегиялық орындардың біріне ие. Ол облыстың географиялық жағдайымен, яғни Ресей Федерациясының 5 ірі өндіріс орталығы – Астрахан, Волгоград, Самара, Саратов және Орынбор облыстарымен көрші орналасуымен, аумағында Еуропа мен Азияны байланыстыратын негізгі көлік магистралінің өтуімен, ірі Қарашығанақ газконденсаты кен орнының болуымен маңызды, – деді департамент басшысы.

​Қанат Балтабековтің сөзіне сүйенсек, биылғы 11 айдың қорытындысында облыста 14 577-ден астам тауарға арналған декларация ресімделген. Кедендік төлемдер мен салықтар бойынша республикалық бюджетке 44 млрд 057 млн теңгеден астам қаражат аударылған. Ал кеден заңнамасын бұзу деректеріне сәйкес 256 әкімшілік құқықбұзушылық ісі қозғалған. БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің қызмет аймағындағы сыртқы сауда айналымы (тауарларға арналған декларациялар бойынша) – 5 млрд 953 млн АҚШ доллары. Оның ішінде экспорттың үлесі – 5 млрд 494 млн АҚШ доллары немесе жалпы тауар айналымының 92,3%-ы, ал импорттың үлесі – 458 млн АҚШ доллары немесе 7,7%.

​Қанат Жолтайұлы елдегі сыртқы сауда айналымының өсуі, инвестициялық  ахуалдың жақсаруы, елдің кедендік заңнамасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бағытындағы тұрақты жұмыс қазақстандық кеден қызметі табысының жарқын бір дәлелі   дейді.

Айна Имашева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале