17.12.2025, 16:00
Оқылды: 10

«Құр сүлдерімізді сүйретіп, жатақханаға қайттық...»

Облыста желтоқсаншылардың мүддесін қорғап, өскелең ұрпақты Отанды сүюге насихаттайтын «Батыс – Желтоқсан» қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Сондай-ақ бірлестік Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды іздептүгендеу, ақтау бойынша бірқатар іс-шара атқарған. Бұл туралы қоғамдық бірлестіктің төрайымы Гүлзира Мақсотова айтты.

WhatsApp Image 2025-12-17 at 15.22.57

Гүлзира Қабиқызының мәліметінше, жыл сайын желтоқсан айы басталғанда «Батыс – Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің мүшелері Орал қаласындағы Достық үйінде, жоғары оқу орындарында, колледждерде және мектептерде ұйымдастырылған патриоттық іс-шараларға қатысып, оқушылар мен студенттерге Отанды қорғау бағытында дәріс оқиды. Бірлестіктің ұйытқы болуымен Желтоқсан оқиғасының құрбаны болған жерлесіміз Гүлзада Халелова ақталып, оның тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Желтоқсан көтерілісінің ақталған облыстағы мүшелеріне 150-200 мың теңге көлемінде бірреттік жәрдемақы берілген. Орал қаласындағы орталық көшеге «Батыс – Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің  баннері  ілінген.

1964 жылы Теректі ауданы Абай ауылында өмірге келген Гүлзира Мақсотова мектеп бітірген соң 1985 жылы Алматы қаласындағы Аутоматтық электр байланыс техникумына оқуға түседі. 1986 жылы аталмыш техникумның екінші курсында оқыған.

Сол жылы желтоқсанның 16-17-сі күндері Брежнев алаңына бейбіт шеруге шыққан жастардың  қатарында болады.

– Алаңға жиналғандардың саны сағат сайын арта берді. Әскерилер тұтқиылдан тап бергенде жан-дәрменіміз жеткенше жан-жаққа қаша бастадық. Темір құрсаулы жендеттер қолына түскеннің қолын қайырып, әскери көлікке тоғытып жатты. Қыздарды қорғаған жігіттерді аяусыз соққының астына алып, қан-жоса қылып мертіктірді. Қыздарды безбүйрек әскерлердің соғып жатқандары әлі күнге дейін көз алдымда. Бір топ қызды желкемізден түйіп, жабық көлікке тиеп, милиция бөліміне апарды.

Сонда түнге дейін жауап алды. Сұсты тергеушілер қайта-қайта сұрақтың астына алды. Дәлізде жігіттер қансырап жатты.

Несін айтайын, милицияға ұстағандардың бәрін жаудың жансызындай қинады. Содан түнгі 23:00-дер шамасында бір бейтаныс қыз екеумізді босатты. Қолымда 40 сом айыппұл жазылған түбіртек. Құр сүлдерімізді сүйретіп, жатақханаға қайттық.

Ертеңгі күні техникумға барғанда да тыныштық бермей, партия жиналысына салды. Комсомолдан шығарып, қатаң сөгіс берді.  Әйтеуір, оқудан шығармағанына  тәубе  еттім.

Жалпы еліміздің Тәуелсіздігінің өтеуі – ғасырлар бойы қисапсыз төгілген бабалар қанымен, 1916-1933 жылдары қазақты екі айналып қырғынға ұшыратқан аштық зобалаңымен, асылдарымызды қырып-жойған қуғын-сүргінмен, Семейдегі жарылыстар зардабымен, Желтоқсандағы жастарымыздың көз жасы, жүрек қанымен өтелген құндылық. Бүгінгі мереке – дабыра даңғазаның дақпырты емес, еркіндік жолында жанын қиған, азаттық жолында арпалысып өткен бабалар рухына тағзым етіп, тәуелсіздігімізді баянды етуге еңбегі сіңген тұлғаларға құрмет көрсететін қастерлі күн  деп  білемін, –  дейді  кейіпкеріміз.

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале