БҚО-да алты адам газдан уланған. Оның бесеуі бала. Кеше кеште әлеуметтік желіде бір үйдің балалары газдан уланған деген хабар тараған болатын.
Бүгін оқиғаны мамандар растады. Зашаған кентіндегі жер үйлердің бірінде анасы мен төрт бала газдан уланған. Қазіргі уақытта оларға қажетті ем-шаралар көрсетіліп жатыр.

БҚО әкімдігі баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, 18 желтоқсанда Орал қаласының Зашаған кентінде орналасқан жеке тұрғын үйде тұрмыстық газды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуы салдарынан табиғи газбен улану дерегі тіркелді.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, бір отбасының 6 мүшесі, бір ересек адам және бес бала улану белгілерімен медициналық ұйымға жеткізілді. Зардап шеккендер жалдамалы тұрғын үйде тұрған.
Оқиға туралы хабар түскен бойда төтенше жағдайлар қызметі, жедел жәрдем, «QazaqGaz Aimaq» АҚ және жергілікті атқарушы орган өкілдері тарапынан қажетті шаралар қабылданды. Газ көзі залалсыздандырылып, тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, табиғи газбен улану орташа дәрежеде тіркелген. Қазіргі уақытта балалардың жағдайы тұрақты, медицина мамандарының бақылауда. Анасына қажетті ем жүргізіліп жатыр.
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Алдын ала деректер бойынша, тұрғын үйде газ жабдығына техникалық қызмет көрсету бойынша тиісті келісімшарттың болмағаны анықталған. Аталған дерекке қатысты қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылданады.
zhaikpress.kz