Астана қаласында Қазақстан Жазушылар одағының бір жылдық жұмысы қорытындыланды. «Жас әдебиеттің көкжиегі» атты іс-шара ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өтті.

Жиынға ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов, Қырғыз Республикасының мемлекеттік хатшысы, Қырғызстанның Ел жазушысы Арслан Қойшиев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов және белгілі ақын-жазушылар, әдебиеттанушы ғалымдар, жас қаламгерлер қатысты.
Іс-шарада мемлекеттік тапсырыспен, сондай-ақ «Түркі әлемінің әдебиеті», «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобалары аясында жарыққа шыққан кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті.
Осы жиынға ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Меңдібек Лұқпан арнайы қатысты. Іс-шара барысында Меңдібек Нұрболатұлының ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы арасындағы стратегиялық әріптестік аясында жүзеге асқан «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы бойынша жарық көрген «Кешіккен көктем» атты кітабының тұсауы кесілді.

«Кешіккен көктем» – Меңдібек Лұқпанның тұңғыш жыр жинағы. Кітап Ақ Жайық өңіріне арналған. Қаламгер Батыс Қазақстанның тарихын, табиғатын, бүгінгі тыныс-тіршілігін, белгілі тұлғаларының өмір жолын өлеңге арқау еткен. Кітапқа өлең-жырлар, циклдар, балладалар, сондай-ақ поэмалар енгізілген. Жинақ 1 000 данамен еліміздегі кітапханаларға таратылып, оқырман қауымға жол тартпақ.
Айта кетейік, Меңдібек Лұқпан – облыстық, республикалық әдеби байқаулардың, мүшәйралардың жеңімпазы. Оның өлеңдері осы уақытқа дейін «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Ақ Жайықтың аспаны» ұжымдық жинағында, порталдарда, веб-сайттарда және басқа да әдеби басылымдарда жарияланған.
Әбу Әбдірахман