Орал қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында қалалық жалпы білім беретін мектептердің директорлары мен директор орынбасарларына арналған нетворкинг-бранч өтті.

Іс-шараға қалалық жалпы білім беретін мектептердің басшылары (№41 мектеп-лицей, №44 мектеп-гимназия, №42 «Ақ ниет» гимназиясы, Б. Момышұлы атындағы №46 жалпы орта мектебі, А. Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясы, эстетикалық бағыттағы гимназия, №37 жалпы орта білім беретін мектебі және т.б.) қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – білім беру саласындағы кәсіби байланысты нығайту, тәжірибе алмасу, мектептің білім беру өнімдерін таныстыру және бірлескен жобаларға серіктестер тарту.

Іс-шара интерактивті офлайн форматта ұйымдастырылып, қатысушыларға ашық пікір алмасуға, жаңа идеялар ұсынуға және кәсіби диалог орнатуға мүмкіндік берді. Кездесу барысында қонақтар ғылыми-тәжірибелік бағыттағы интерактивті сессияларға қатысып, жаратылыстану ғылымдары, инженерия және STEM, сондай-ақ креатив пен пәнаралық байланыстар бағыттарында ұсынылған демонстрациялық жұмыстармен танысты. Ұсынылған форматтар оқытудың практикалық бағытын күшейтуге, жобалық және зерттеушілік тәсілдерді дамытуға, командалық жұмыс пен soft skills дағдыларын қалыптастыруға бағытталды.

Нетворкинг-бранч аясында мектеп директоры білім беру ұйымының даму бағыты мен жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндама жасап, мектептер арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін атап өтті. Сонымен қатар менторлық сессиялар, бірлескен конкурстар мен хакатондар, ғылым фестивалі, сондай-ақ аймақтық ғылыми-практикалық конференциялар сияқты серіктестік бағыттар ұсынылды.

Кездесу қорытындысында қатысушылар алдағы уақытта бірлескен жобаларды іске асыруға қызығушылық танытып, кәсіби серіктестікті одан әрі дамытуға ниет білдірді.
Орал қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі