Облыс орталығында өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің мерекесі күні Бөкей ордасындағы «Нарын» шаруа қожалығының жетекшісі Нағым Қитанұлы Тәжімұратов ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Ауыл шаруашылығы саласының ардагері» атағының иесі атанған бұл азаматты мен көптен білемін. Теледидардан салтанатты жағдайда марапаттау сәтін тамашалап отырып, көз алдыма сонау бір қиырда қалған «Ой-хой, дәурен!» күндер келе қалды.

Мынау сахнада тұрған еңсегей бойлы, ірі денелі азамат ол кезде солқылдаған жас еді, сырықтай ұзын бойында қырым ет болмайтын. Сол кездің өзінде бас қондырысы бөлек еді. Ырду-дырдумен ісі жоқ, тіке жүріп, тіке сөйлеп, біртүрлі өзінің жасынан ересектеу көрінетін. Ол кезде жиырма деген жалын жастың жалына енді-енді жабысып жүрміз. Республикалық комсомолдық екпінді құрылыс болып жарияланған ҚазМУ-дың болашақ қалашығының құрылысындамыз. Шетімізден комсомолмыз. Жас адамға бәрі қызық, бәрі жарасатындай, қызды ауылға – ЖенПИ-ге «жорыққа» аттансақ та, топ болып аттанатынымыз өзіміз үшін керемет көрінеді. Басқа ұлт өкілдерімен шатақтасып қалсақ та, қол жинап көтерілеміз. Ондай «майдандар» жиі болып тұратын. Тұла бойда қайнаған жиырма жастың қаны алды-артыңа қарата ма? Сондай да осы Нағым «Жігіттер, не қыласыңдар, бармай-ақ қойыңдаршы?..» деп «ереулі атқа ер салып» жатқан біздерді тоқтатпақшы болатын. Бір пәлеге ұрынып қалады дейді ғой...
Университетке оқуға түсуге даярланып, қолынан кітабы түспейтін. Сол кездің өзінде озат комсомол құрылысшылардың бірі болды. «Университетстрой» құрылыс басқармасы жанындағы оқу комбинатынан тас қалаушы, электрмен, газбен дәнекерлеуші мамандықтарына оқып алды. Бұрыннан бетоншы, арматурашы, қалып (опалубка) қоюшы жұмысына төселіп қалған еді, енді нағыз бесаспап құрылысшы болды. Сөйтіп жүріп, университеттің заң факультетіне оқуға түсуді армандады. Ол кезде қазақтың маңдайына біткен КазГУ-ге оқуға түсуге талаптанушылар көп. Әсіресе юрфак, филфак, журфакқа талапкерлер жыртылып, айрылады. Заң факультетіне Нағымның жолы болмай-ақ қойды. Бір күні университеттің ректоры Өмірбек Арсыланұлы Жолдасбековтың қабылдауына кірді. Тәжімұратовтың студенттердің болашақ қалашығын салысып жатқан комсомолец екенін, озат құрылысшы екенін білгенде ректор жадырап сала берді. Мәселенің мәнісіне қаныққаннан кейін ректор «Заң факультетіне ешқандай мүмкіндік жоқ, механика-математика факультетінің даярлық курсына өзімнің лимитімнен қабылдатайын» деді. Дағдарып қалған бұған «Менің балам да осы факультетте оқиды. Димаш Ахметұлының жақын баласы да осы мамандыққа оқып бітірген» дегенде шегінетін жер қалмады. Даярлық курсында жақсы оқыды, топ старостасы болды. Бір жыл даярлықтан кейін бірінші курсқа қабылданды, нағыз студент атанды. Алайда тағдыр Тәжімұратовқа математик болуды жазбапты. Бірінші курстан кейін ауылдағы сырқат анасына қарайлап, елге оралуға тура келді. Нағымның кураторы болған атақты математик Алма Есенбекқызы Әбілқасымова шәкіртінің бұл қадамына қатты өкінгенін әлі күнге айтып келеді... Қайран, ауыл мұны жатырқамады, қайта қуанып қарсы алды. Қуанатыны, кеңшарда (Т. Масин атындағы) дәнекерлеуші жоқ еді. Ал мына жерде шаруашылықтың аса мұқтаж болып отырған дәнекерлеушісі сонау Алматыдан, ҚазМУ-дың мехматынан аяқтай келіп тұр. Әскерде болған, озат комсомол құрылысшы, студент атанған, яғни ауылдағы жастарға үлгі болатындай жалындап тұрған жас жігіт. Құрылыс саласындағы мамандықтарына қоса, дәнекерлеушілігін айтсайшы... Сонымен Нағым туған ауылына тастай батып, судай сіңді. Дәнекерлеуші ретінде шаруашылықтың озат жұмыскері атанды. Жұмыстан қол үзбей жүріп, зоотехник мамандығына оқыды. Жанармай базасын басқарды. Завгар болды. Бас зоотехник болғаны тағы бар. Кейін нарықтық қатынас өмірге дендеп енгенде «Нарын» шаруа қожалығын құрды. Содан бері отыз жылға жуықтапты, бүгінде төрт түлікті асылдандырып түлеткен шаруашылығы шүкір, аудан мен облысқа кеңінен мәлім. Талай адам сол «Нарыннан» несібесін тауып отыр. Ерінбей еңбек еткен адамды абырой өзі таппай қоймайды емес пе?.. Анау жоғарыда айтқан «Еңбек даңқы» ордені соның айғағы.
Мемлекеттік марапатқа ие болған Нағымды сол бойда құттықтай алмадық. Ол осы Орал қаласындағы «бывший КазГУ-градовцы» – Алтай Батыров, Сейілхан Ғайниев үшеуміздің қолымызға түспеді. Қалада көп аялдамай, Ордасына аттанып кетіпті. Сөйтіп, жоғарыдағы үшеуміз бір-бірімізден сүйінші сұрап, хабарластық та, әліптің артын күттік... Тек осы кеше Нағыммен кез-десудің реті келді.
– Биыл ауа райы құрғақшылықтау болғанымен, күзге қарай жаңбыр өндіріп жауды, – дейді ол. – Біздің жақта жаңбыр сіркіресін, шық түссін, шөп жақсы шығады. Мал азығын жеткілікті дайындап алдық. Жаңбырдың арқасында шөп шыққасын мал да қоң жинап, қыстаққа қоңды кіріп жатыр. Жем сатып алып қойдық, ертең бұзау-баспақтарға, жас туған сиырларға бөлектеп береміз ғой, қыс ұзап кетіп, кейбір мал жадап-жүдеп жатса, шөптеріне үстеп береміз. Желтоқсан айы да қусырылып қалды. Күн ашық, мал қолға қарай қойған жоқ. Ит-құс мазамызды алатын еді, соңғы кезде олар да киіктің көбейгенінің арқасында малымызға шабуларын азайтты. Ал киіктің жайына келетін болсақ, соңғы үш-төрт жылда есті шығарды ғой, өздеріңіз де талай жаздыңыздар. Қаншама шығынға баттық... Шекемізді қыздырып, қызыл кеңірдек болған талай жиналыс өткіздік. Облысымыздың басшысы Нариман Төреғалиұлының да сол кезде күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалғанын біздер шаруалар жақсы білеміз. Аяқ жетер жердің бәріне бардық, министрлердің алдында болдық. Олардың өздері де біздің облысқа, ауданға келді. Көзбе-көз, мәселені қабырғасынан қойғандардың ортасында өзім де болдым. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевпен тап осылай көзбе-көз кездестім, мәселені тәптіштеп тұрып айттым. Құдай істі оңғарғанда өткен жазда киікті аулауға рұқсатты алдық қой. Соның арқасында осы күнге дейін 160 мың бастың үстінде киік ауланды. Шаруалар, яғни біздер кәдімгідей жеңілденіп қалдық. Өзің ойлашы, киіктің көбейгені сонша, тіпті адамнан қорқуды қойып, малшыларымыздың үйінің қасына келіп жайылғанын көзіміз көрді. Бірақ, әйтеуір, қазіргі жағдайымызды шүкір деп айтуға әбден болады.
Енді біз үшін жанымызға батып жүрген тағы бір мәселені айтпай кетсем, дұрыс болмас. Бұл жалғыз менің басымдағы жағдай емес, барлық ордалық шаруаларға қатысты жайт. Жыл өткен сайын шаруалар үшін жер, жайылыс, шабындық мәселесі күрделеніп барады. Ал негізгі күн көрісін мал шаруашылығынан тауып отырған аудан үшін мұның өмірлік маңызы зор. Біздің жақта мал шаруашылығымен айналысқысы келетіндер баршылық. Орда бір қиырында Ресеймен шектесіп жатқан аймақ. Шекара. Оны тастап кетуге болмайды. Сондықтан осы өңірде тұрып, мал өсіремін деген азаматтарды жан-жақты қолдау керек. Сонау 1952 жылы Ресейге полигонға, арендаға 943 мың 400 гектар жер беріліпті. Кім бергісі келді дейсің, бірақ кеңес кезінің әпебақандық саясаты оған қаратпады дейді үлкендеріміз. Біздің шаруалардың соңғы жылдары талмай айтып келе жатқаны: полигонның жеріне ең болмаса, жаз айларында шаруалардың малын жайлап кіргізу керек. Анау 943 мың 400 гектардың бәрін әскерилер пайдаланып жатқан жоқ, бос жатқан жерлер көп. Соны ретімен малдарымыздың жазғы орнына айналдыруымыз керек. Қазір біздің малшыларымыз бір-біріне жақын, тығыз отыр. Жеріміздің тозғаны өз алдына, құм басып барады. Бұл өңір Жәңгір атамыздан қалған жер ғой. Сол кездің өзінде тал шаншып, ағаш-орман жайқалтып, құмды бөгеген, әруағынан айналайын атамыз. Біз мынау космос заманында сол жерді азып-тозудан қорғай алмай отырмыз. Жәңгір хан малды баяғыда құмға жер қатқанда кіргізіп, жазғытұрым мысалы, наурыз айында жазғы орындарына қайтадан көшіріп отырған. Мұны қатты қадалаған. Жер тозып кетпесін деген ғой. Ал, біз не істеп жатырмыз?.. Нарынның жері тозып, құм басатын болса, оны экологиялық апат дей беріңіз. Қайтадан қалпына келтіру қиын. Қазірдің өзінде көшпелі қызыл құм басып жатыр. Мен мұны ауадан алып, айтып отырған жоқпын. Мысалы, Ұялы ауылының жеріндегі кейбір қыстақтар мен жазғы орындарға қызыл құм көшіп барып, басып жатыр. Жазғы, қысқы орындарымызды уақытымен ауыстырып отырмасақ болмайды. Ол үшін анау полигонның бос жатқан жерлерін пайдалану керек. Осыны мен өзім білетін шаруаларыма талайдан бері айтып келемін. Біздер өз жерімізге баруға тартыншақтап жүргенде, көрші облыстың пысықтары ол жерлерді баяғыдан жайлап алған. Мысал керек пе, Теректі деген жерімізде Ресейдің әскери бөлімі тұр. Оның арғы жағында Атыраудың Асан ауылдық округі жатыр, біздің полигонға берген жерімізге тиіп тұр. Сол округтің әкімі, неғылса да пысық болып тұр ғой, Теректідегі әскери бөлімнің бастығына арнайы хат жазып, ресми түрде рұқсатын алып, шаруа қожалықтары жер алып, малдарын өсіріп жатыр. Атыраулық азаматтар қызғанып отыр демесін, полигонның аумағында жатса да, біздің Орданың жері ғой. Оны неге өзіміз пайдаланбаймыз? Нақтылай айтсам, Ұялы, Т. Масин, Бисен, Орда ауылдары полигонның жеріне біртіндеп орналаса берулері керек. Мұны басшы-қосшыларымыз қолдап, сүйемелдеп отырсын. Ресей анау 943 мың 400 гектардың бәрін пайдаланып отырған жоқ қой. Біз біртіндеп шетінен кіре беруіміз керек. Ресей полигонның жерін 2030 жылға дейін арендаға алған. Біз оған дейін қарап отыра бермейік. Осылай аузымызды ашып жүре берсек, қасиетті Нарынның жерін әбден тоздырып, түбіне жетеміз. Мен осы бағытта айтып отырмын.

Осы биыл тағы бір жанға батқан жағдайдың шешімін таптық. Киікке байланысты біздің жақта осыған дейін талай азаматтар істі болды. Далада өліп, шашылып жатқан киіктің мүйізін алғаны үшін біраз адам сотталған, миллиондап айыппұл арқалаған еді. Бір ғана мысал келтірейін, Ұялы ауылынан бір азаматымыз әлгі мүйізі түскірді сатайын деп алмаған, атқа тұсамыс, шідер жасағанда тиектер жасауға, киім ілгішке пайдалануға алған. Сонымен шаталды, сотталды, 7 миллион теңге айыппұл арқалады. Мұндай жағдайлар көп болды. Біз осыны мықтап көтердік, әрине, заңгерлердің де шырылдап ара түскенін, заңи жағынан асыра сілтеу болғанын дәлелдеп шыққанын айтуымыз керек. Талай жиналыстарда таңдай қыздырып, талмай айттық. Әйтеуір, шешілді ғой. Киік көбейгесін, оның өлім-жітімі де болмай тұрмайды. Қазір далада ақсөңке сүйектері шашылып жатыр. Баяғыда ауыл-ауылдарда дайындаушылар (заготовитель) болатын. Сүйек-саяқ, жүн-жұрқа қабылдап алып, орнына неше түрлі заттар, тауарлар беретін. Сол кезде маңайда ештеңе шашылып жатпайтын, ауыл төңірегі де тап-таза болатын. Сүйектерді баяғыда уатып, өңдеп, малдың жеміне қосатын. Қалдықсыз технология, безотходное технология деген осы ғой. Ақша бөлінсе, бұл шаруа жерде қалмас еді.
Осылай деп талай мәселе-ні қаузаған Нағым әңгімесін аяқтады, Ордасына жиналды. Сан шаруасы күтіп тұрған азаматты жолынан қалдырмай, шығарып салдық.
Есенжол Қыстаубаев,
«Орал өңірі»