Премьер-министр мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына әрбір заң жобасының сапалы әзірленуін және олардың Мәжіліске уақтылы енгізілуін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Бұл туралы бүгін ҚР Үкімет отырысында айтылды.

«Мемлекеттік органдардың арасында ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ету маңызды. Заң жобаларын келісу барысында басы артық бюрократиядан арылып, жедел жұмыс істеу керек.
Әділет министрлігі Мемлекет басшысының, Президент Әкімшілігінің және Үкіметтің заңнамалық тапсырмаларына жыл бойы мониторинг жүргізіп отыруға тиіс.
Олардың белгіленген тәртіппен жоспарлы немесе бастамашылық жасалған заң жобаларына енгізілуін қамтамасыз ету қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша отырысқа қатысушылар Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2026 жылға арналған жоспары жобасын мақұлдады және тиісті қаулыға дауыс берді.
Жоспардың орындалуын жалпы бақылау мен үйлестіру Әділет министрлігіне жүктелді.