2012 жылы ауданымыз аймағында қалың қар түсіп, күн сайын бораннан кө ашпағанымыз белгілі. Ауыл ішіндегі қардың көптігі сондай үйдің шатырына шығу үшін баспалдақтың қажеті болмай қалса, қақпалардың да "қызметі" керек болмай қалды. Жұртшылық суға кететін болармыз деп дүрліккені де бар. Бірақ сол көп қардан көктемде торғай ішетін су да болмай қалды. Бұл табиғаттың құдіреті болар.
Ал биылғы қардың өзгешелігі бар. Жұртшылық байқап жүргендей, қардың суы мол. Қазталов ауылында қар суынан қиындыққа ұшырап жататын М. Мәметова, Ж. Жабаев, Құрманғазы, С. Даниялов сияқты көшелер бар. Сонымен қатар "Сельхозтехника" аталып кеткен ауыл шеті де лайсаң кезде жүріп тұруға қолайсыз болып қалатыны тағы бар. Ол жақта Халыққа қызмет көрсету орталығы, "Ақбота" балабақшасы бар екенін ескерсек, тұрғындарға тағы да қиындықтар кездесері сөзсіз.
Қандай қарекет жасау керек? Осы жұмыстармен айналысатын мекемелер қазірден бастап қар шығару жұмыстарын жүргізу қажет деп санаймыз. Мәселен, Орал қаласында күні-түні бойы қар тазалау жұмыстары жүріп жатады. Әрине, ауылдық жерде түні бойы жұмыс жасамай-ақ, уақтылы жұмыстарын жүргізсе, жеке тұрғындар да мазасызданбайтыны түсінікті.
Қайрат ЖАҚЫП
Қазталов ауданы