«Жайық Пресс» ақпарат агенттігінің SMM маманы Аяужан Кереева «Human Rights Lawyers» қоғамдық қорының жыл қорытындылауы нәтижесінде «Жылдың үздік журналисі» аталымын иеленді.

Аты аталған қоғамдық қор Алматы қаласында орналасқан, бірақ жұмыс барысында жалпы ел аумағын қамтиды. Қор тұрмыстық немесе жыныстық зорлық-зомбылық көргендерге тегін психологиялық, заңгерлік көмек көрсетеді, қажет болған жағдайда сотта жәбірленушілердің мүддесін қорғайды.

— Аяужан Маратқызымен әріптестік қарым-қатынасымыз ол кісі «Орал өңірі» газетінде тілші болып жүрген кезден басталған. Педофилизм туралы керемет ауқымды материал жазып, басты кейіпкері мен болғам мақаланың. Содан бері онлайн қарым-қатынас үзілмеді, байланыс нығайып, бірқатар істі бірігіп атқардық. Әріптес болу үшін, тиімді жұмыс жасау үшін бір кеңседе отыру міндетті емес. Қазіргідей ғаламтор жалпы әлемді жаулаған кезеңде онлайн кеңістікте де әп-әдемі байланыс орнатуға болады деп санаймын.
Аяужан Маратқызының жауапкершілігін, өз ісіне адалдығы мен тиянақтылығын құрметтеймін. Декреттік демалыста, күйбең тірлікке «көміліп» отырса да, баланың қамы мен үйдің шаруасы арасынан уақыт тауып, өз қабілетін дамытуға да мән беретініне ризамын, — дейді «Human Rights Lawyers» қоғамдық қорының жетекшісі Ләззат Ракишева.

Айта кетерлігі, қоғамдық қор жыл үздіктерін анықтап, арнайы аталымдар ұсынуды бірнеше жылдан бері дәстүрге айналдырып келеді. Үздіктер қор ұжымының пікірін ескере отырып, қор жетекшісі ұсынған тізім негізінде анықталады.
Жайық Пресс