8.01.2026, 15:00
Оқылды: 27

Жәнібек аудандық музей қоры құнды жәдігерлермен толықты

Жәнібек аудандық тарихи-өлкетану музейінің қоры тарихи маңызы зор жаңа жәдігерлермен толықты. Бұл жолы музей қорына өткен ғасырлардағы ақша айналымынан сыр шертетін көне банкноттардан құралған құнды жәдігерлер жинағы қабылданды. Аталған жинақты музейге Орал қаласының тұрғыны, қазіргі таңда дәрігер болып қызмет атқаратын Азиз Ешмұханбетов арнайы табыстады.

image-08-01-26-11-41

Жинақ иесі бұл жәдігерлерді оқушы кезінен бастап жинақтаған. Ұзақ жылдар бойы қалыптасқан жеке жинақ әртүрлі мемлекеттер мен тарихи кезеңдерді қамтып, сол уақыттағы экономикалық ахуал, саяси өзгерістер мен мәдени ерекшеліктер туралы құнды мәлімет береді. Әрбір банкнот – өз дәуірінің айғағы, белгілі бір кезеңнің үнсіз куәгері.

Жәнібек ауылына келген сапары барысында Азиз Сұлтанұлы өз бастамасымен Жәнібек аудандық тарихи-өлкетану музейіне арнайы келіп, тарихи маңызы бар бұл жәдігерлер жинағын музей қорына өткізді. Ол бұл өңірдің тумасы болмаса да, ел тарихына, ұлттық мәдени мұраға деген құрметін осындай игі ісі арқылы көрсетті.

Жинақ құрамындағы банкноттар XX ғасырдың әртүрлі кезеңдерінде қолданыста болған. Олардың беттерінде мемлекет рәміздері, тарихи тұлғалар, сәулет нысандары мен ұлттық өрнектер бейнеленген. Бұл жәдігерлер арқылы музейге келушілер өткен заманның қаржы жүйесімен ғана емес, сол дәуірдің идеологиялық бағыты мен көркемдік стилімен де таныса алады.

Музейге қабылданған жәдігерлер жинағы нумизматика бағытындағы негізгі қорға енгізіліп, ғылыми сипаттамасы жасалады. Алдағы уақытта бұл құнды мұралар музей экспозициясында көпшілік назарына ұсынылып, ғылыми-зерттеу жұмыстарында, танымдық көрмелер мен дәрістерде кеңінен пайдаланылатын болады.

Жәнібек аудандық тарихи-өлкетану музейі мәдени мұраны сақтауға үлес қосып жүрген азаматтарға ризашылығын білдіреді. Азиз Ешмұханбетовтің бұл бастамасы – тарихқа деген құрметтің, ұрпаққа аманат етер асыл құндылықтарды сақтаудың жарқын көрінісі.

Гүлназ Бақытжанова,

БҚО тарихи-өлкетану музейінің

Жәнібек аудандық  музей бөлімінің  меңгерушісі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале