16.01.2026, 10:00
Оқылды: 87

331 өнім талапқа сай емес

Облыстық  санитарлық-эпидемиологиялық  бақылау  департаментінің  басшысы  Динара  Жанабергенова  өңірлік  коммуникациялар  қызметі  алаңында  өңірдегі  эпидахуал  туралы  айтты.

 спикер

Атап айтсақ, былтыр тырысқақ, оба, құтыру, сібір жарасы, іш сүзегі, дифтерия, полиомиелит, сіреспе, безгек және ботулизм жұқпалы аурулары тіркелмеді. Сондай-ақ жұқпалы аурудың 18 түрінің пайыздық деңгейі түскен. Олардың ішінде қызылша – 54,3, туберкулез – 14,9, ЖРВИ – 19,1, COVID-19 – 3,21 пайызға төмендеген. Ал паразиттік ауруларға жататын энтеробиоз – 23,1, дерматомикоз – 12,2 пайызға артса, ауа-тамшы жолымен берілетін скарлатина ауруы 33,5%-ға көбейген. Азаматтардың жеке гигиеналық ережелерді сақтамауы, тағамдағы термиялық өңдеудің жеткіліксіздігі бұл аурулардың өршуіне басты себеп болып отыр.

Департамент басшысының айтуынша, 2025 жылы жүргізілген мониторинг барысында 331 өнімнің талапқа сай еместігі анықталды. Оның 73-і – тамақ өнімі болса, 258-і – тұрмыстық тауар.

– Құқықбұзушылықтардың негізгі бөлігі – өнім таңбасы талаптарының сақталмауында. Атап айтқанда, кей өнімдерде өндіруші туралы ақпарат, жарамдылық мерзімі, өнді-рілген күні көрсетілмеген.
Оған қоса, бірыңғай ЕАЭО таңбалау белгісі болмаған, мемлекеттік тілде ақпарат ұсынылмаған. Еуразиялық экономикалық одақтың санитариялық талаптарына сәйкес ол өнімдердің сатылуына тыйым салынды. Сонымен қатар былтырғы 9 айда департаментке және оның аумақтық басқармаларына 1261 өтініш түсті. Олардың басым бөлігін жеке тұлғалар «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы жолдаған. Көтерілген мәселелердің ішінде коммуналдық объектілер мен тамақтану саласына қатысты сұрақтар болды. Облыстағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты бақылауда. Ал жүргізіліп жатқан шаралар халықтың, әсіресе бала денсаулығын қорғауға бағытталған. Алдағы уақытта да профилактикаға басымдық беріліп, су мен тамақ өнімдері сапасы назарда болады, – деді Динара Олжабайқызы.

Спикердің мәліметінше, өткен жылы облыста бүйрек синдромды геморагиялық қызба ауруының көбейгені анықталды. Нақтырақ тоқталсақ, 47 науқас тіркелді. Бұл аурулар негізінен ке-міргіштерден түрлі жолмен адамға жұғады. Сондай-ақ бұл ауру балық аулаған, шөп шапқан кезде де жұғуы мүмкін. 2025 жылы білім беру және балабақша ұйымдарында балалар арасында топтық ішек инфекциялары мен тағамнан улану жағдайлары мүлде тіркелмеген. Бұл – облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жүйелі жүргізген іс-шараларының нәтижесі. Мемлекет басшысы қол қойған заңға сәйкес 2026 жылдың 1 наурызынан бастап мемлекеттік бақылаудың жаңа тәртібі енгізілмек. Осы бақылаудың аясында мектептерде, балабақша мен лагерьлерде профилактикалық тексерістер күшейеді. Жаңа тамақтану стандартына сай барлық мектепте 1-4-сынып оқушылар мен аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар толық ыстық тамақпен қамтылды. Мектептердегі тағам қауіпсіздігі мен сапасын бракераж комиссия тексереді. Комиссия құрамында мектеп әкімшілігі, медицина қызметкерлері және ата-аналар комитетінің өкілдері бар.

Нұрым  Ғұмар,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале