15.01.2026, 14:45
Оқылды: 316

«Ауыл айнасы» — 95 жыл: Ақынның жыр жинағы жарық көрді

Бүгін «Ауыл айнасы» газетінің 95 жылдығына арналған салтанатты шара барысында басылым тілшісі, жергілікті ақын әрі журналист Қыдыр Харесұлы Абдрахмановтың «Ауылымның ақынымын» атты жаңа жыр жинағының тұсауы кесілді. Айта кетерлігі, биыл ақын ағамыздың мерейлі 60 жасқа толуы да аудан көлемінде аталып өтпек.
image-15-01-26-02-13-2
Жаңа кітаптың тұсауын кітап авторы Қыдыр Харесұлы Абдрахманов, ақын, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Республикасы білім беру саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» және Ы.Алтынсарин медальдарының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрайымы Дариға Ғазезқызы Мұштанова, сондай-ақ белгілі журналист, Қазақ журналистикасының қайраткері, «Спорт жұлдыздары» республикалық журналының бас редакторы Мусағали Сабырғалиұлы Тасқалиев қиды.
image-15-01-26-02-13-1
Қыдыр Харесұлының шығармашылығында азаматтық ұстаным мен туған жерге деген шынайы патриоттық сезім айрықша орын алады. Оның елге, ауылға деген махаббаты жырларынан ғана емес, қоғамдық белсенділігінен де айқын аңғарылады. «Бәрін айт та бірін айт» демекші, ақын қаламынан туған өлеңдер көптеген танымал әндердің дүниеге келуіне арқау болды.
 image-15-01-26-02-13
Бүгінде ақынның сөздеріне жазылған әндерді елімізге және өңірімізге танымал әншілер орындап жүр. Олардың қатарында «Ұлыңмын мен – ауылым», «Көктем гүл – көктем мейрам», «Ақжайығым – Оралым», «Ағаларға сағыныш», «Әке», «Атамыз бен әжеміз», «Алау кездер – ән кездер», «Көктем лебі», «Жалпақтал күні», «Өмір мектебі», сондай-ақ арнайы тапсырыспен жазылған «Мемлекетім менің» әндері бар.
Жаңа жинақ – ақынның туған жерге деген тағзымының, елге деген сүйіспеншілігінің айқын көрінісі.
Гүлнұр СӘУІРҒАЛИҚЫЗЫ,
Казталов ауданы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале