18.01.2026, 12:13
Оқылды: 54

Қардан жасалған Ақорда

Соңғы күндері әлеуметтік желіде Достық ауылының тұрғыны Нәдір Қуанаевтың қардан жасаған Ақорда мүсіні кеңінен тарап, жұртшылықтың үлкен қызығушылығын тудырды. Ауылдағы қарапайым үйдің ауласында бой көтерген ерекше туынды тамашалаушылар аз емес.

IMG-20260118-WA0004

Жуырда Нәдір әлеуметтік желіден Мемлекет басшысының сұхбатындағы «Жастарымыздың күш-қуаты мол, үміті мен сенімі зор әрі азаматтық сана-сезімі өте жоғары. Олар – бар ықыласымен болашаққа ұмтылатын отаншыл азаматтар» деген сөзін оқып, әсер алған. Сөйтіп қардан Ақорда жасауды ұйғарған.
Қардан жасалған Ақорданың биіктігі – 160 см, ұзындығы – 5 метр, ені – 3 метр шамасында. Туындының әлеуметтік желіде кеңінен таралуына халықтың жылы пікірі де үлкен әсер еткен. Бүгінде Достық ауылының тұрғындары мен қонақтар мүсінді арнайы келіп тамашалап, суретке түсуде.
–Жазылған әрбір пікір мен қойылған лайк мені шабыттандыруда. Енді Ақорданың макетін арнайы материалдардан жасағым келеді. Қардан тағы да бір ерекше мүсін жасауды ойластырып жүрмін, -дейді ол бізбен әңгімесінде.
Айта кетейік, Нәдір Қуанаев 1998 жылы Сырым ауданының Жымпиты ауылында дүниеге келген. 1999 жылдан бері Достық ауылында тұрады. Осында мектеп бітіріп, кейін Оралдағы И.Тайманов атындағы жол-көлік колледжінде білім алған. Мамандығы — 5 тонналық тиегіш техниканың жүргізушісі.
Нәдірдің айтуынша, бұл өнерге келуіне кездейсоқ жағдай себеп болған. 2020 жылы бір ағасына қар тазалауға көмектесіп жүріп, жиналған қардың балық пішініне ұқсап қалғанын байқайды. Сол сәтте алғаш рет қардан мүсін жасап көру ойы туындап, шығармашылыққа деген қызығушылығы оянады. Ал алғашқы ірі жұмысы — қардан жасалған көлік.
Содан соң көлікті темірден құрыстырған. Интернеттен түрлі көліктерді қарап жүріп, Camaro моделіне тоқтаған. 2022 жылы автокөлік рамасын дайындап, моторын орнатқан. Алайда қаржы тапшылығына байланысты жоба аяқсыз қалып, кейін көлік бөлшекке сатылып кеткен. Дегенмен бұл оның шығармашылық жолын тоқтата алмаған. Қайта намысын қайрай түсті. Шығармашылықтың, идеяның мен еңбек үйлесімінен бүгін қардан Ақорда жасалса, кейіпкеріміздің ертең темірден түйін түйіп, түрлі техника жасап шығарына біздің сеніміз мол.

Салтанат Зұлқарнаева
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале