Құрылтай отырысында Президент жол құрылысы саласындағы негізгі міндет-мақсаттарды айқындап берді. Әсіресе, құрылыстың көлемі емес, ең алдымен сапаға басымдық беру, бюджет қаржысының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету және қоғамдық бақылауды күшейту керек деген пікірді батысқазақстандық жолшылар да қолдап отыр. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» БҚО филиалының инженері Ержан Болатұлы Шаденов Президент жүктеген міндеттердің өңір жолдарының сапа деңгейінен де анық көрініс табарына бек сенімді.

Биыл елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды инфрақұрылымдық жобалар басталмақ. Президенттің: «Барлық жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуын тікелей бақылауда ұстайтын боламын. Себебі, бұл жобалар Қазақстанның халықаралық көлік-логистика орталығы ретіндегі әлеуетін мейлінше нығайта түседі» деуі тектен тек емес. Салынған жолдардың көп уақыт өтпей ақ бұзылуы, соның салдарынан жол-көлік оқиғаларының жиілеуі туралы ақпарат аз айтылып жүрген жоқ. Өңірдегі сапасыз салынған жолдар туралы жуырда ғана Sarapshy.info ақпараттық порталында жарық көрген сараптамалық мақалада (авторы Нұртай Текебаев) жан-жақты айтылды. Осы материалда біздің «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» БҚО филиалы тарапынан жыл бойы атқарылған жұмыстар жөнінде де мәліметтер келтірілді. Бір ғана мысал, филиал қызметкерлері өткен жыл ішінде өңірдегі жолдардың сапасын бақылау мақсатында 385 рет тексеру жұмыстары жүргізді. Тексеру барысында 1539 сынама алынып, олардың 564-і қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды. Аталған тексерулер нәтижесінде барлығы 230-дан аса заңбұзушылық фактісі тіркелді. Қазіргі уақытта анықталған кемшіліктер бойынша тиісті шаралар қабылдануда.
Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табады. Бұл ретте Президенттің Құрылтайда жүктеген міндеттері бізге бағдаршам іспетті болмақ,- дейді Ержан Шаденов.