21.01.2026, 17:15
Оқылды: 13

«Балалардың қуанғаны қымбат»

Бұл – қарауылтөбелік мәрт азаматтардың ұстанымы. Ұл-қыздар қуансын деп, бос уақыттарын тиімді өткізсін деп, ауылдың бірнеше азаматы қайырымды іске ұйытқы болды.

3

Таныс болыңыздар – Қарауылтөбе орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Айдынғали Тәженов. Сабағын «қыс, ауа райы мұрсат бермейді» деп, мектептің спорт залында өткізсе, оған ешкім кедергі болмасы анық. Бірақ ол оқушылардың қыс мезгіліндегі спорт түрлерінен қалыс қалмауын қаперлеп, мұз айдынын жасақтауды ойластырыпты. Осыны жүзеге асырмақ мақсатта ауылдың жеке кәсіпкерлері, су таситын көліктері бар Мереке Нұрғалиев, Берік Мәзімовқа хабарласады. Азаматтар игі іске қолдау көрсетуге қарсы емес қой, дегенмен дәл осы кезде екеуінің де көлігі сынып тұрғанын айтсаңызшы. «Балаларға мұз айдыны керек» – осылай ойлаған қос кәсіпкер «сенікі», «менікі» деместен, ақауы аздау көлікті бірлесіп жөндеп шығарады.

Жөндегендері сол-ақ екен, ауылдың ортасындағы алаңға бірнеше мәрте тасып, 40 тонна су жеткізіп, бір күнде-ақ мұз айдынын жарқыратып құйып берген. Енді, міне, мұнда ауыл балалары дене шынықтыру сабағында да, қолдары бос уақытында да аяқтарына коньки байлап, қыс қызығын сырғанап өткізуде.

– Бұл алаң – біздің ауылға жерлестеріміз, яғни 1984 жылы дүниеге келген түлектердің тартуы. Олар жазғы уақытта баскетбол ойнайтын алаң, қыста хоккей ойнайтын алаң болсын деп салып берді. Мұз айдыны құйылған күннен  бұл алаң бос қалған жоқ. Жарықтандырып қойдық, ымырт түскенде де коньки теуіп, балалар ойнап жүр, – дейді Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі Жәнібек Әбиров.

Әлия Шарапиева,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале