23.01.2026, 9:30
Оқылды: 191

Жертөледегі жаңа театр

Оралда креативті, шығармашылық алаңдардың бірі – «ТаспаLAB» студиясында ерекше сипаттағы шара өтті. «Себеп – сіз» деп аталған акустикалық кеш көрерменге ой салып, жан дүниені тербейтін мазмұнымен есте қалды. Әдеби кешті «ТаспаLAB»  шығармашылық орталығының негізін қалаушы, белгілі журналист Гүлназ Әлімгерей  ұйымдастырды.

76f52e96-b26e-4931-a352-2bd5cf761ed6

Рухани шарада белгілі ақындардың өлеңдері оқылып, сырлы әуендер шырқалды. Камералық музыка  сипатында өткен рухани жиынның бірінші және екінші кезеңдеріне де көрермен көп жиналды.

Акустикалық кеш  тек өнер кеші ғана емес, жертөледе ашылған жеке театрдың тыныс-тіршілігімен танысатын алаң десек те болады. «ТаспаLAB» жеке театрының жетекшісі, актер әрі  режиссер Нұржігіт Сейтмахамбетов бізбен әңгімесінде өзінің көптен бергі арманы жеке  театр ашу жолындағы ізденістері  туралы  айтып  берді.

– Әр актер өзінің театры болғанын армандайтыны рас. Мен де сол арманмен жүрдім. Қарасаңыз, аудан-ауылдарда салынған қаншама мәдениет үйлері, мектептердің акт залдары жылдың 365 күнінің  кем дегенде 200 күнінде қаңырап бос тұрады. Оларды салуға миллиардтаған қаржы жұмсалады, алайда ол кеңістіктер толық пайдаланылмайды. Осыны көре отырып, «мобильді театр» деген жоба жасадым. Бұл – біздің облыста бұрын болмаған формат, – дейді ол.

Нұржігіт Сейтмахамбетовтың жобасы кәсіпкерлерге берілетін гранттық байқауда іріктеуден өтіп, жүздеген үміткердің арасынан үздік 25 жобаның қатарына енген. Нәтижесінде төрт миллион теңгеге жуық қаржы бөлініп, қажетті техникалық құрал-жабдық сатып алынған.

d479f39e-3dff-4ca9-90c0-6031d96692a9

Жертөледе театр ашу – шетел тәжірибесінде жиі кездеседі. Осы идеяны жергілікті ортаға бейімдеген Нұржігіт Сейтмахамбетов «ТаспаLAB» студиясына келіп, фотоға түсу барысында өз жобасын іске асыруға дәл осы алаңның мүмкіндігі зор екенін байқайды. Студия иесі Гүлназ Әлімгерей де жертөледегі жеке театрдың  жұмысын бастауына ерекше сеніммен қолдау танытады.

– Негізгі мақсат – адамдар келіп, рухани демалатын, ой бөлісетін, өнер арқылы тынығатын орта қалыптастыру еді. Қуанатынымыз – сұраныс бар.

Орал қаласында театрды, мәдениетті түсінетін, өнерге жақын жандар көп. Акустикалық кешіміз де ойдағыдай өтті. Демек, бұл істі әрі қарай дамытуға болады. Қазір шабыттанып, жаңа жұмыстарға кірісіп жатырмын. Бізге қолдау білдірген Гүлназ Әлімгерейге шексіз ризамыз, – дейді ол.

Айта кету керек, қазіргі таңда жеке театрға Нұржігіт Сейтмахамбетовтің әріптестері қолдау көрсетуде. Ал болашақта кастинг өткізіп, өнер жолын енді бастаған жастарды жұмысқа тарту жоспарда бар.

– Қазір көптеген жас маман оқуын бітірген соң, өнер саласында өз орнын таба алмай, басқа салаға кетіп жатады. Біз осындай жертөледегі, эксперименттік театрлар арқылы жастарға мүмкіндік бергіміз келеді, – дейді ол.

9b94cb06-5a12-443e-8871-c1df2b24c9d0

Жалпы, жертөледегі театр – бұлдан гөрі көрерменге барынша жақын, еркін ой мен батыл тәжірибеге негізделген өнер алаңы. «ТаспаLAB»-та басталған бұл бастама аймақтағы мәдени өмірге жаңа серпін береді деген сенімдеміз. Өнерге шынайы ықылас пен ізденіс қажет болса, жертөледен басталған театрдың да үлкен сахналарға жол табары анық.

Гүлжамал  Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале