Батыс Қазақстан облысының бірнеше ауылында 16 жаңа көшеге атау беру жоспарланды, - деп жазады kaz.inform.kz.

Сурет: kaz.inform.kz
БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасынан мәлім еткеніндей, Ақжайық ауданы орталығы Чапаев ауылында 11 жаңа көшеге атау берілмекші.
Сонымен қатар Қаратөбе ауданы Аққозы ауылдық округі Қоржын ауылында 3, Тасқала ауданы орталығы Тасқала ауылында 2 жаңа көшеге атау беру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұлардың бәрі де – атауы жоқ жаңа көшелер.
2024 және 2025 жылдары облыста көше атаулары өзгертілген жоқ. Оған дейін 2022-2023 жылдары 171 көшеге жаңа атау берілген еді.
Орал қаласы әкімдігінен алынған мәліметке қарағанда, өткен жылы ономастика жөніндегі жұмыс тобы отырыстарында Жеңістің 80 жылдығына орай отыз шақты көшеге қатысты мәселе талқыланып, ұсыныстар жасалды. Дегенмен олардың атауын өзгерту туралы шешім қабылданған жоқ.