Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Кенесары Нұршиновтің төрағалығымен «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асыру барысы бойынша кеңсе отырысы өтті.

Аталмыш жиынға тиісті сала басшылары, мамандары және ауылдық округ әкімдері онлайн және оффлайн форматында қатысты.
Жиын барысында «TORT TULIK» ауыл шаруашылығы жануарлары иелеріне арналған мобильді қосымша мәселесі және жоғарыда аталған «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылуы талқыға салынды.
«TORT TULIK» ауыл шаруашылығы жануарлары иелеріне арналған мобильді қосымша туралы ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аудандық аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Қанат Каримов баяндаса, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ақпаратпен ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Сүйінбек Хайроллин бөлісті.
Қанат Каримов:
-«Tort Tulik Mobile» - бұл қосымша ауыл шаруашылығы жануарлары туралы деректерді қарау, жаңарту, сондай-ақ ветеринариялық қызметтерге онлайн жүгіну мүмкіндігін ұсынатын ыңғайлы құрал. Енді мал ұстаушылар бұрынғыдай мекемеге барып, кезек күтпей-ақ, үйден шықпай-ақ бірқатар қызметтерді цифрлы форматта ала алады.
Қосымша ұсынатын қызметтерге
«Төлді тіркеуге өтінім беру, «Өз иелігіндегі барлық жануарлардың тізімін көру», «Жануарлардың бірдейлендіру деректерін (түрі, жынысы, туған күні, тұқымы және т.б.) қарау», Жануарларға жүргізілген ветеринариялық іс-шаралар (вакцинация, диагностика) мәліметтерін көру,
«Ветеринариялық паспорт алу», «Мал иесіне немесе жануарларға қатысты қате кеткен мәліметтерді түзетуге өтінім беру», «Мемлекеттік қызмет көрсету мәртебесін онлайн бақылау» қызметтері кіреді.
Қосымша жеке тұлғалар мен заңды тұлғаларға, дербес кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарға қолжетімді. Әсіресе, ауылдық жерде мал ұстайтын тұрғындар үшін таптырмас көмекші
Бір ескеретіні, тіркелмеген немесе деректері дұрыс емес жануарлар ветеринариялық іс- шараларға қатыса алмайды. Бұл аурудың туындау қаупін арттырып қана қоймай, мал иесін мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерінен де шет қалдыруы мүмкін. Сондықтан әр жануар дерегінің нақты әрі уақтылы енгізілуі - әрбір мал иесінің заң алдындағы жауапкершілігі екенін ескерген жөн, - деді Қанат Каримов.
Енді Сүйінбек Хайроллиннің баяндамасына жүгінер болсақ, «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру мақсатында өткен 2025 жылы ауданымызға 267 млн қаражат берілген екен. Дегенмен, осы уақытқа дейін жоба аясында ұсынылатын аз пайызды несиеге тек бес адам қызығушылығын танытып, 36 млн- нан астам қаржыға қол жеткізсе керек. Тағы бір жерлесіміздің өтініші қаралу барысында екен.
Жалпы, жоғарда көрсетілген соманы игеру уақыты ағымдағы жылдың сәуір айына дейін қарастырылған. Оған қоса, ағымдағы жылы бойынша «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру мақсатында тағы да 200 млн- нан астам қаражат қарастырылуда.
Өз кезегінде Кенесары Нұршинов:
-Құрметті әріптестер және ауыл әкімдері. «Ауыл аманаты» жобасы бұл үлкен мүмкіндік. Аталмыш жобаны қолға алып, жұмыстанатын болсақ көптеген мәселе шешімін табатын еді. Бірінші кезекте инфроқұрылым және жұмыссыздық мәселесі. Кәсіпкерлікті дамыту өз кезегінде де шешімін таппақ.
Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» бойынша алынған қаражат бұл ауданымызға деген инвестиция екенін ескергеніміз жөн. Жоғарыда аталған сома толықтай игеріліп, кәсіп дамыту әр бөкейліктің мақсаты болу қажет. Насихаттау жұмыстарын қолға алуымыз тиіс, - деді әкім орынбасары.
Темхар Рахметолла
Суретке түсірген автор
Бөкей ордасы ауданы