Қызылорда төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың отырысы ел дамуы жолындағы маңызды белес болды. Құрылтай орны болып Сыр өңірінің таңдалуы бекер емес. «Сыр – Алаштың анасы» деген сөздің тарихи да, рухани да мәні терең. Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ, Алтынасар, Баршын-кент сынды көне қалалардың орны – қазақ жерінде ежелден дамыған қала өркениетінің айғағы. Қызылорда – сол даңқты шаһарлардың заңды жалғасы. Бір ғасыр бұрын ел астанасы болған бұл өңірде мемлекетіміз үшін тағдырлы шешімдер қабылданғаны баршаға мәлім.

Президент Сыр елінің рухани мұрасына да айрықша тоқталды. «Сыр елі – жыр елі» деген аталы сөздің астарында Қорқыт атадан бастау алған жыраулық, жыршылық, күйшілік дәстүр жатыр. Жиенбай, Нұртуған, Нартайдай тұлғалар қалыптастырған жыр мектептері – ұлт руханиятының алтын қазығы. Сонымен қатар Сыр өңірі – еңбек адамдарының мекені. Ыбырай Жақаевтай еңбек ерлерінің жолын бүгінгі ұрпақ абыроймен жалғастырып келеді.
Ұлттық құрылтайдың төрт жылдағы нәтижесі де нақты. Құрылтай ұсыныстары негізінде 26 заң қабылданып, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, лудомания мен нашақорлыққа қарсы күрес, ономастика, мемлекеттік марапаттар жүйесін жетілдіру бағытында маңызды қадамдар жасалды. Бұл құрылтайдың ел өміріне тікелей ықпал етіп отырғанын көрсетеді.
Президент ұсынған жаңа Парламентті «Құрылтай» деп атау бастамасы – тарихи сабақтастықтың жарқын көрінісі. Парламенттің 145 мандатпен, баршаға ортақ тәртіппен сайлануы, Президенттік және Қазақстан халқы ассамблеясының квотасынан бас тарту – саяси жүйенің кемелдене түскенін аңғартады. Мұнда басты ұстаным – «мәселе санда емес, сапада». Ел мүддесіне адал, білікті, отаншыл азаматтардың Парламентте болуы – уақыт талабы.
Сонымен бірге жаңа консультативтік алаң – «нің» құрылуы, өңірлерде мажоритарлық жүйенің сақталуы жергілікті халықтың үні естілуіне мүмкіндік береді. Бұл – әділетті әрі тең қоғам құру жолындағы маңызды шешім.
Президент айтқандай, Ұлттық құрылтай ел тарихында қалады. Біз бірге әділетті, қуатты, қауіпсіз әрі таза Қазақстанның іргесін қалап келеміз. Алда атқарар жұмыс аз емес. Бірлігімізді бекемдеп, ел игілігі үшін бірлесе еңбек ету – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Ұлт болашағын айқындайтын реформаларға облыстық мәслихат та өз үлесін қоса береді. Еліміздің дамуы жолындағы осы бастамалар Сыр өңірі үшін де, күллі Қазақстан үшін де берекелі нәтижелер әкелетініне сенім мол.
Мұрат Мұқаев,
облыстық мәслихаттың төрағасы