Дүниежүзілік сайлау күні – демократиялық қоғамның басты құндылықтарының бірі саналатын сайлау институтының маңызын айқындайтын ерекше күн. Бұл күн азаматтардың сайлау құқығын қорғау, сайлау үдерісінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ қоғамның саяси мәдениетін арттыру мақсатында атап өтіледі.

Соңғы жылдары елімізде сайлау жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар маңызды реформалар жүзеге асырылуда. Бұл өзгерістердің негізгі мақсаты – сайлау процесінің ашықтығын арттыру, азаматтардың еркін таңдау жасауына жағдай жасау және сайлауға деген сенімді күшейту.
Атап айтқанда, сайлау заңнамасына бірқатар жаңашылдықтар енгізілді. Соның ішінде сайлау комиссияларының қызметін кәсібилендіру, олардың тәуелсіздігін арттыру, байқаушылар институтын күшейту, сондай-ақ сайлау барысындағы ашықтықты қамтамасыз ететін цифрлық тетіктерді енгізу маңызды орын алады. Бұл реформалар сайлау процесінің халықаралық стандарттарға сай өтуіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, мүгедектігі бар азаматтар үшін сайлау учаскелерінде қолайлы жағдай жасау, сайлаушыларды ақпараттандыру жұмыстарын күшейту, жастардың сайлау белсенділігін арттыру бағытында да жүйелі шаралар қабылдануда. Электронды сервистер мен ақпараттық технологияларды қолдану сайлау үдерісін анағұрлым қолжетімді әрі тиімді етуде.
Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы аталған реформаларды жергілікті деңгейде сапалы іске асыруда маңызды рөл атқарады. Комиссия мүшелері сайлау заңнамасының талаптарын қатаң сақтай отырып, сайлаушылардың құқықтарын қорғау және сайлау процесінің заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз ету бағытында тұрақты түрде жұмыс жүргізуде.
Дүниежүзілік сайлау күні – бұл тек мерекелік күн ғана емес, сонымен қатар қоғамды демократиялық құндылықтарға үндейтін, әрбір азаматтың ел болашағына бейжай қарамай, белсенді ұстаным танытуына шақыратын маңызды күн. Жаңа реформалардың нәтижесінде еліміздегі сайлау жүйесі одан әрі жетіліп, халықтың сенімі нығая беретініне сенім мол.
2026 жыл Қазақстанның саяси жүйесін түбегейлі қайта құруды көздейтін жаңа кезеңге аяқ басқан жыл ретінде белгіленді. Осы жылы ел билігі маңызды парламенттік және конституциялық өзгерістерді іске асыруды бастады, олар билік тармақтарының теңгерімін күшейтіп, азаматтардың билікке қатысуын кеңейтуге бағытталған. Бұл туралы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласында өткен Ұлттық Құрылтайдың 5-ші отырысында мәлімдеді.
Парламенттік реформаның басты идеясы — қазіргі екі палаталы жүйеден (Сенат + Мәжіліс) шығу және бір палаталы парламент — «Құрылтай» деп аталатын жаңа заң шығарушы органды енгізу.Депутаттар саны 148-ден 145 адамға дейін азаяды.
2026 жылғы парламенттік және конституциялық реформа Қазақстанның саяси архитектурасын түбірімен қайта қарастыруға бағытталған. Бұл реформалар билікті теңсіздендіруді азайтып, заң шығарушы органның рөлін күшейтіп, қоғамның мемлекеттік шешімдерге қатысуын арттыруға тырысады. Енді реформа Конституциялық комиссияның жұмысынан кейін жалпыұлттық референдумға шығарылады.
Биыл Дүниежүзілік сайлау күні ақпанның бесіне келіп тұр. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының жұмыс жоспарына сай заңның үстемдігі, тәуелсіздік, ашықтық, қолжетімділік, алқалық пен кәсібилік принциптері негізінде өткізіледі. Мерекелеудің негізгі идеологиясы – «Электоралдық принциптер – сайлаушы сенімінің негізі», бұл сайлау ұғымын құқықтық, институционалдық және азаматтық бағдарлардың қалыптасқан жүйесінің нәтижесі ретінде бейнелейді.
Осыған сәйкес, ауданымызда 2026 жылдың 26 қаңтар мен 6 ақпан күндері аралығында аудан орта мектептерінің 10-11-сыныптары арасында «Сайлау процессінің құқықтық негіздері» атты тәрбие сағаттары, аудан жастары арасында «Сайлау – болашақты таңдау» атты интеллектуальды ойын, «Сайлау – менің таңдауым» квест ойыны, Дүниежүзілік сайлау күніне арналған сайлау тарихы туралы фото көрмелер, саяси партия, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдерімен дөңгелек үстел, сайлауға қатысты мәселелерді түсіндіруге арналған «Ашық есік» күні, барша азаматтар үшін қолжетімді сайлау ортасын қалыптастыру бағытындағы кездесулер, дөңгелек үстелдер, облыстық және аудандық округтік сайлау комиссиясы төрағаларының сайлаушылармен кездесу, «Сайлау процесінің ашықтығы мен заңдылығы: бірлескен шешім – демократия көрінісі» тақырыбында аумақтық сайлау комиссиясының, Жас сайлаушылар клубының мүшелерімен, сайлау жүйесінің ардагерлерімен, қоғамдық бірлестіктер өкілдерімен, жастармен танымдық кездесу және тағы басқа шаралар жоспарланды.
Дамир Мендыбаев
Теректі ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төраға орынбасары