29.01.2026, 11:30
Оқылды: 23

Тасқала ауданында кеңейтілген идеологиялық кеңес отырысы өтті

Заң мен тәртіп 1

Тасқала аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Заң және тәртіп» қағидаты мен руханият мәселесіне арналған кеңейтілген идеологиялық кеңес отырысы өтті. Маңызды жиынға аудан әкімі Талғат Шакиров, аудан әкімінің орынбасары Әли Бердешев, аудан прокуроры Алмас Унаев, аудандық сот төрағасы Әлия Теберикова, аудандық ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары Д. Арыстанғалиев, ауданның бас имамы Құлтөре Нажметдинов, аудандық мәслихат төрағасы Жанар Бисенғалиева, «AMANAT» партиясы Тасқала аудандық филиалының төрағасы Люция Жұбанышқалиева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Балыков, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Жұмагелді Үмбеталиев, аудандық аналар кеңесінің жетекшісі Г. Мұхамбетқалиева, аудандық әйелдер алқасының жетекшісі А. Мендіғалиева, сондай-ақ ауылдық округ әкімдері, қоғамдық кеңес мүшелері, мектеп директорлары мен жастар қатысты.

Жиынның негізгі мақсаты – өткен жылы руханият, тәрбие және идеологиялық бағытта атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттерді айқындау.

Мемлекет басшысы өз сұхбаттары мен бастамаларында ел дамуының берік іргетасы – саналы қоғам мен ұлттық құндылықтарға адал, жауапкершілігі жоғары азамат екенін үнемі атап өтіп келеді. Президенттің бұл ұстанымы бүгінгі идеологиялық жұмыстың мазмұны мен бағытын айқындайды. Осы орайда, идеологиялық жұмыс тек ақпарат тарату шеңберінде қалмай, тәрбие, мәдениет, білім, әлеуметтік және рухани салаларды кешенді түрде қамтуы тиіс екені баса айтылды.

Алдағы кезеңде аталған бағыттар бойынша жұмыстарды жаңа деңгейге көтеру көзделіп отыр. Әсіресе, жастар тәрбиесіне, руханият пен дін саласындағы тұрақтылықты сақтауға баса назар аударылмақ. Дәстүрлі діни құндылықтарды кеңінен насихаттау, радикалды ағымдардың алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігі атап өтілді. Бұл бағытта мешіттер, теолог мамандар мен ақпараттық-түсіндіру топтарының үйлесімді жұмысы маңызды рөл атқарады.

Кеңес барысында былтыр  Маңғыстау облысында ұйымдастырылған отбасылық құндылықтарды дәріптеуге арналған аймақтық форум жөнінде де сөз қозғалды. Аталған форумға қатысқан Мереке ауылдық округінің әкімі Мэлс Нәріков «Қазақы қара шаңырақ құндылығы» тақырыбында баяндама жасап, отбасы институтын сақтау және нығайту бағытындағы ой-пікірлерімен бөлісті.

Сонымен қатар, отырыста мемлекеттік мерекелер мен атаулы даталар аясында өткізілетін іс-шаралар, мәдениет пен спорт саласындағы жоспарлар, білім беру жүйесіндегі тәрбие жұмыстары, әлеуметтік сала, ардагерлер қозғалысы, жастар саясаты және кітапхана жүйесінің қызметі бойынша тиісті сала басшылары баяндама жасады.

Қорытындылай келе, идеологиялық және рухани жұмыс – үздіксіз әрі жүйелі түрде жүргізілуі тиіс маңызды процесс екені атап өтілді. Барлық ұсыныстар мен пікірлер алдағы кезеңге арналған нақты іс-шаралар жоспарының негізіне айналмақ. Ауданның рухани дамуы мен қоғамдық тұрақтылығын нығайту жолында барлық сала өкілдерінің бірлесе, жоғары жауапкершілікпен еңбек етуінің маңызы ерекше екені айтылды.

Гүлмира Мақанова

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале