30.01.2026, 12:45
Оқылды: 41

Құр уәдеге сеніп, ақшасынан айырылған...

Былтыр  облыста  экономикалық  құқықбұзушылықтарды  анықтау  және  жолын  кесу  барысында  32  қылмыстық  іс  тіркелген.  Келтірілген залалдың сомасы 1,6 миллиард теңгеден асты.  Бұл қылмыстық істер бойынша 41 адам күдікті  ретінде  танылған. 

 экономикалық (1) экономикалық (2)

Жарнамалар да жарға жығады

Бұл туралы БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары, экономикалық тергеулер қызметінің полковнигі Азамат Ахметов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтты. Сотқа дейінгі тергеу кезінде залалды өтеу үшін күдіктілер мен олардың аффилиирленген тұлғаларына тиесілі жалпы сомасы 1,7 миллиард теңгеден асатын мүлік тәркіленген. Осы ретте айта кету керек, аффилиирленген тұлға – ұйымға немесе жеке тұлғаға тікелей немесе жанама әсер ете алатын, яғни экономикалық, басқарушылық немесе туыстық байланысы бар тұлға. 262,5 миллион теңге ерікті түрде өтеліп, 304 миллион теңгеге бағаланған мүлік тәркіленді. Соттарда 200 миллион теңгеден асатын мүлікті тәркілеуге қатысты сегіз  қылмыстық  іс  қаралуда.

БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары, экономикалық тергеулер қызметінің подполковнигі Мәдияр Палманов салада атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, қазір әлеуметтік тұрғыдан ең өзекті бағыттардың бірі – қаржылық пирамидалармен күрес. Осыған байланысты департамент 5 қылмыстық іс тіркеген. Аталған заңсыз ұйымдарға облыстың 2000-нан астам тұрғыны сеніп қалып, келтірілген залалдың шығыны 470 млн теңгеден асқан.

Мәселен, «Imrat Group» атты қаржылық пирамиданың қызметі әшкереленіп, тоқтатылған. Бұл құрылым Канадада, Гонконгта және Ұлыбританияда тіркелген халықаралық инвестициялық компания ретінде көрсетілген. Ол азаматтарға тәулігіне 0,5%-дан 1,5%-ға дейін «жоғары табыс» уәде еткен. Оған қатысу үшін реферальды сілтемемен тіркеліп, криптокошелекке (USDT баламасында 20 АҚШ долларынан 10 000 АҚШ долларына дейін) ақша салу қажет болған. Ал қаражат іс жүзінде пирамиданың қатысушылары арасында қайта бөлініп, бұрынғы салымшыларға төлемдер жаңа қатысушылардың есебінен жүргізілген.

Қатарына жаңа қатысушыларды тартуды көздеген «пирамидалықтар» заңды инвестициялық қызмет көрінісін қалыптастыру үшін түрлі жарнама жасаған. Кеңселер жалдап, презентациялар мен конференциялар ұйымдастырған. Telegram желісінде жоғары табыс пен салымдардың қауіпсіздігін уәде етіп, ақпараттар мен бейнероликтер жарияланып отырған. Нәтижесінде пирамидаға сенген 30 азамат 89 млн теңгеден астам қаражат салған. Күдікті тұлғаларға қаржылық пирамиданы басқару және оны жарнамалау фактілері бойынша айып тағылып, қылмыстық  іс  сотқа  жолданыпты.

Экономикалық тергеулер қызметінің подполковнигі Мәдияр Мәді-Әлішерұлы айтып өткендей, қаржылық пирамидаларды жарнамалау заңға қайшы саналады. Оны ұйымдастырушының қызметі мен іс-әрекетінің салдарына қарай әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Жарнамаға азаматтарды тартуға бағытталған ақпараттарды атап өтсек, әлеуметтік желілердегі жарияланымдар мен стористер, бейнероликтер, тікелей эфирлер, пікірлер, мессенджерлердегі хабарламалар, іс-шаралардағы сөз сөйлеулер, жоғары және кепілдендірілген табыс уәделері, «ақша салыңыз», «достарыңызды шақырыңыз», «тәуекелсіз табыс табыңыз» деген үндеулер. «Мен тек тәжірибемді бөлістім» немесе «бұл жарнама емес» деген сылтаулар, егер ақпарат қаржы салуға итермелесе, жауапкершіліктен босатпайды.

Ең жоғары қылмыстық жаза – төрт жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу және үш жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе қызметпен айналысу құқығынан  айыру.

«Жылдам ақшаға» сенбе!

Департамент қызметкерлері жоғары табыс уәде етілген және қаржылық пирамидалардың белгілері бар жобалар жарнамаланған 500-ден астам интернет-ресурсты бұғаттаған. Тұрғындарға лицензиясыз микронесиелер беру үшін заңсыз кәсіпкерлік операциясын ұйымдастырған жеке тұлғалар тобының қызметі тоқтатылды. «Быстрые деньги» брендімен филиалдардың желісі арқылы жұмыс істейтін күдіктілер бес жыл ішінде азаматтармен 1,5 миллиард теңгеден асатын несиелік келісімшарттар жасасқан. Қарыз алушылар кеңес беру қызметтері үшін күніне 1,5% төлеген. Ал бұл рұқсат етілген ең жоғары 0,3% мөлшерлемеден  5  есе  жоғары.

Мәдияр Мәді-Әлішерұлы заңсыз ойын бизнесіне қатысты да ақпарат берді. Мәселен, әлеуметтік желілер арқылы құмар ойындарды ұйымдас-тырған 11 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шамамен 1,5 мың интернет-сайт бұғатталып, 2 мыңнан астам ресурс қаралуда. Бір қылмыстық іс тіркелді. Департамент қызметкерлері  полициямен бірлесіп вейптердің заңсыз айналымына қарсы күресуде. Жедел іс-шаралар барысында 5 Telegram-дүкен анықталып, жойылды, 1 000-нан астам вейп тәркіленді. 200-ден астам шегілмейтін темекі бұйымдарын әкелу фактісі бойынша 2 қылмыстық іс тіркелді.

– Білім беру саласына жыл сайын қомақты көлемде бюджет қаражаты бөлінетінін ескеріп, студенттерді өтірік «оқуға қабылдап», шәкіртақы төлеуге арналған қаражатты жымқырған колледж директорының үстінен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Биыл Теректі ауданының «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлеріне қатысты аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс аяқталды. Мемлекеттік мекеменің бухгалтерлері 2023 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықта алдын ала сөз байласу арқылы ай сайынғы жалақы төлемдерін іс жүзінде жоқ тұлғаларға («өлі жандарға») есептеп, қаражатты өздерінің банк карталарына аударып отырған. Осылайша мекемеге 46 миллион теңге көлемінде залал келтірген. Кінәлі тұлғалар анықталып, мемлекетке келтірілген залал толық көлемде өтелді. Алаяқтық жолмен алынған ақшалай қаражатты заңсыз төлемдер жасау және аудару мақсатында банк шоттарын басқару фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Бұл  қылмысты ұйымдастырушылар қамауда отыр, – деді Мәдияр Палманов.

Айта кету керек, «AFM Insider» жобасы іске қосылған. Ол QR-кодтар арқылы экономикалық құқықбұзушылықтар туралы анонимді түрде хабарлауға мүмкіндік береді.

 

Айна  Имашева,

Орал  қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале