3.02.2026, 13:00
Оқылды: 176

Сайлау – сенім айнасы

5  ақпан  –  Дүниежүзілік  сайлау  күні

Дүниежүзілік  сайлау  күні  қарсаңында  облыстық  аумақтық  сайлау  комиссиясының  төрағасы  Әділ  Жоламановпен  сұхбаттасып,  қазіргі  облыстағы  сайлау  инфрақұрылымы,  ауылдық  округтердің  әкімдерін  сайлау,  сайлаудың  ашықтығы  мен  сайлаушыларға  жасалған  мүмкіндіктер  және  басқа  да  мәселелер  төңірегінде  сұрап  білдік.

Adil-ZHolamanov-1-e1738642224607

– Әділ Тауфикұлы, Дүниежүзілік сайлау күнінің  сайлаушылар мен сайлау жүйесі үшін маңызы қандай?

– Осыдан 21 жыл бұрын Венгрияда өткен Еуропа елдерінің сайлауды ұйымдастырушыларының жалпы конференциясында ақпан айының бірінші бейсенбісін Дүниежүзілік сайлау күні ретінде атап өту туралы бастама көтерілді. Казақстан бұл халықаралық конференцияның мүшесі болғасын бастаманы  толық  қолдады.

Дүниежүзілік сайлау күні – тек сайлауды ұйымдастырушылардың кәсіби күні ғана емес, бірінші кезекте сайлаушылармен жанды да жан-жақты іс-қимыл күні. Аумақтық, учаскелік комиссиялар құрамындағы әріптестер бұл күндері демократиялық құндылықтарды, елдегі сайлау үрдістерінің жаңалықтар мен жетістіктерді, сайлау жүйесіндегі түбегейлі реформаларды қалың жұртшылыққа түрлі форматтағы шаралар арқылы насихаттауда. Мектептердің жоғары сынып оқушыларына тәрбие сағаттарында сайлаудың базалық негіздері түсіндірілсе, колледж бен ЖОО студенттеріне квиз бен брейн ринг форматында зияткерлік-танымдық тәсілдер ұсынылды.  Дәстүрлі «Ашық есік» күні, сайлау үрдісіне қатысушы байқаушылар, саяси партия өкілдері, БАҚ өкілдерімен кездесулер, қоғамдық пікір көшбасшыларымен дөңгелек үстел отырыстары да маңызды шараның салмағын айқындай түсті деуге болады. Бұл өңірлік іс-жоспар Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ұсынған «Электоралдық принциптер – сайлаушы сенімінің негізі» тақырыбында өтуде. Ең бастысы, заң үстемдігі, тәуелсіздік, ашықтық, инклюзивтік, сайлау комиссияларының кәсіби мен алқалық принциптері сайлаушыларға кеңінен түсіндірілуде.

Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев V Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде еліміздің саяси жаңғыруының жаңа кезеңінің мақсатмүддесі асқақ екенін ашық айтты. «Біз сайлау жүйесін және өкілді құрылымдарды жасақтау тәртібін жетілдірдік, олардың саяси ықпалы мен құзыреттері едәуір күшейтілді» деп атап өтті. Яғни осы заман талабынан көрінудің маңызын әрбір сайлау комиссиясының мүшесі терең түсінеді деп ойлаймын. Дүниежүзілік сайлау күніне арналған іс-шарада осы тұжырымның үстем болғанын қалаймыз.

– Өңірдегі сайлау комиссияларының жұмысына қандай  баға  бересіз? 

– Сайлау – үлкен саяси мәні бар шара. Сондықтан өткен жыл Батыс Қазақстан облысының сайлау комиссиялары үшін аса жауапты әрі мазмұнды кезең болды. Біз халықтың сенімін ақтау, сайлау процесінің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету жолында бірлескен әрі жүйелі жұмыс жүргіздік. Негізгі мақсат – сайлау институтына деген қоғамдық сенімді нығайту, әрбір сайлаушының құқығының толық сақталуын  қамтамасыз  ету  болды.

– Облыста қанша сайлау учаскесі  бар?

– Қазіргі таңда облыс аумағында барлығы 674 сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Оның ішінде 14-і – облыстық, 171-і – округтік, 489-ы – учаскелік сайлау комиссиялары. Комиссия мүшелерінің жалпы саны 4074 адамды құрайды.

2025 жылы сайлау инфрақұрылымын оңтайландыру мақсатында 8 жаңа сайлау учаскесі құрылып, сайлаушылар саны аз 15 учаске жабылды, сондай-ақ 48 учаскенің шекарасы қайта қаралды. Барлық аумақтық сайлау комиссиялары талапқа сай ғимараттарда орналасқан.

– Әділ Тауфикұлы, мүмкіндігі шектеулі азаматтар да дауыс беруге құқылы. Олардың сайлауға тұрақты қатысуына қаншалықты мән бересіздер?

– Бұл бағыт – біздің  тұрақты назарымызда. Барлық сайлау учаскелері ғимараттардың бірінші қабаттарында орналасқан. Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөнінде арнайы жұмыс тобы құрылды. Сонымен қатар облыстық аумақтық сайлау комиссиясы мен облыс әкімі аппараты арасында ынтымақтастық туралы жол картасына қол қойылды. Бұл құжат сайлау процесінің қолжетімділігін арттыруға  бағытталған.

– Ауылдық округ әкімдерін сайлау жиі ұйымдастырылады. Аудандардағы белсенді учаскелер  туралы айтсаңыз.

– 2025 жылы облыста 55 ауыл әкімінің сайлауы өтті. Оның 48-інің өкілеттік мерзімі аяқталса, 7 өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты ұйымдастырылды. Сайлаушылардың қатысу көрсеткіші 36,87% болды. Ең жоғары белсенділік Жаңақала ауданының Бірлік ауылдық округінде 82,4%, ал ең төмен көрсеткіш Бөрлі ауданының Ақсай қаласында 9% тіркелді. Әкім лауазымына үміткерлердің сайлауалды бағдарламалары тұрғындардың мүдделеріне құрылған және жергілікті қауымдастық белсенді округтерде сайлаушылардың белсенділігі де жоғары екенін айта кеткен жөн. БҚО аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері сайлау тағайындалған округтердің сайлаушыларымен кездесуді дәстүрге айналдырды. Сонымен қатар комиссия отырыстарында сайлау қорытындыларын ұдайы талдап  отырамыз.

– Сайланған әкімдердің құрамы туралы ақпарат бөлісе  отырсаңыз.

– Сайланған 55 әкімнің 52,7%-ы – өзін-өзі ұсынғандар, ал 47,3%-ы – партиялар арқылы ұсынылғандар. Өткен жыл ішінде сайланғандардың 76,4%-ын мемлекеттік қызметшілер  құрайды.

Маңызды көрсеткіштің бірі – жаңару деңгейі. 2025 жылы 27 адам алғаш рет әкім болып сайланып, жаңару 49,1%-ды құрады. Әйел әкімдердің саны – 2. Бұл бағытта әлі де жұмыс  қажет  екені анық.

– Сайлау комиссиялары мүшелерін оқыту ісі қалай ұйымдастырылды?

– Электоралдық оқыту – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Жыл ішінде 192 семинар өткізіліп, 1650 учаскелік комиссия мүшесі оқытылды. Сонымен қатар мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалымен бірлесіп 17 семинар ұйымдастырылып, әр деңгейдегі 855 комиссия мүшесі қамтылды. Оқыту барысында практикалық кейстер, іскерлік ойындар, жанжалды жағдайларды шешу тәсілдері  кеңінен  қолданылды.

– Ақпараттық қамтамасыз ету жұмыстарының нәтижесі  қандай?

– Өңір тұрғындары БҚО аумақтық сайлау комиссиясын ақпарат бөліспейтін жабық мекеме дей алмайтын болар деп ойлаймын. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңның 20-бабы бірінші тармағында «сайлау комиссияларының қызметі алқалылық, жариялылық және ашықтық негізінде жүзеге асырылады» деп анық көрсетілген. Бұл талап біз үшін ең маңызды талап болып табылады. Ауылдық округ әкімі немесе шығып қалған мәслихат депутаттары сайлауы тағайындалған сәттен бастап барлық іс-шарамыз ашық өтеді. Ал электоралдық науқандар арасында сайлаушылармен жиі кездесуді, ауыл-аймаққа барып жүргізіліп жатырған салалық өзгерістердің нәтижелерін зерттеуді қолға алдық. Сондықтан ақпараттық ашықтыққа ерекше мән береміз. Айталық, 2024 жылы 54 ауылдық округте кандидаттардың сайлауалды пікірсайыстары ұйымдастырылып, оның барысы әлеуметтік желіде тікелей эфирде  көрсетілді.

БҚО аумақтық сайлау комиссиясының әлеуметтік желілердегі аккаунттарында міндетті хабарламалардан бастап, ағымдағы шаралардың барысы туралы 1338 материал жарияланды. Комис-сияның Facebook парақшасының материалдары 928 мың рет қаралған. Тек биылғы қаңтардың өзінде парақша материалдары 124 000 рет қаралғаны азаматтардың сайлау процесіне және жүйедегі өзгерістерге ықыласы артқанының нақты көрінісі деп қабылдауға болады. Бүгінде оқырмандар саны 7507 адамға жетті. Сонымен қатар облыстық және республикалық БАҚ-та сайлау тақырыбы  бойынша материалдар тұрақты түрде жарияланып отырды. Сөз реті келгенде өңірлік  БАҚ-қа, соның ішінде сайлау тақырыбына жиі көңіл бөлетін «Жайық Пресс» ЖШС-ның шығармашылық ұжымына шынайы ілтипатымызды  білдіреміз.

– Сайлау нәтижесімен келіспейтін азаматтар сотқа жүгініп жатады. Мұның нәтижесі қалай болып жатыр?

– 2025 жылы соттарда барлығы 15 іс қаралды. Олардың басым бөлігі қанағаттандырылған жоқ. Апелляци-ялық шағымдардың барлығы да кері қайтарылды. Сайлау комиссияларына 43 өтініш келіп түсті, олардың барлығына заң аясында уақытылы жауап  берілді.

– Әділ Тауфикұлы, жас сайлаушылармен жұмыс  қалай  жүргізілуде?

– 2025 жылы Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің тапсырмасына сәйкес облыстық «Жас сайлаушылар клубы» құрылды. Бүгінде облыс бойынша клуб мүшелерінің саны 270-тен  асады.

Жыл ішінде 134 іс-шара өткізіліп, 1832 жас қамтылды. Бұл – жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бізге жастардың электоралдық науқандарға деген көзқарасы қымбат. Өйткені ертең елдің тұтқасын ұстайтын ұрпақ елжанды, бастамашыл болғанда ғана мемлекеттің негізі нығая түспек. Бүгінде «Жастар сайлауға қатыспайды» деген кері пікір қалыптасып үлгерді. «Жас сайлаушылар» клубы осы сеңді бұзуға күш салуда. Бұл тұста олардың ұмтылысына қанат бітіріп, бастамаларын қолдауда клуб тиімді диалог алаңына  айналуы  тиісті.

– Алдағы негізгі міндеттер қандай?

– Алдағы кезеңдегі басты міндет – сайлау жүйесінің ашықтығын одан әрі арттыру, азаматтардың сайлау мәдениетін дамыту және жастар мен әйелдердің сайлауға қатысу белсенділігін күшейту. Сайлау – бұл тек науқан емес, бұл – қоғамның сенім айнасы. Сондықтан «Орал өңірі» басылымы арқылы барлық сайлаушыларды, сайлау жүйесіндегі әріптестерді Дүниежүзілік сайлау күнімен құттықтаймын.

Сұхбаттасқан Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале