3.02.2026, 15:30
Оқылды: 13

«Махаббатты сезіну»

Жуырда «Атамекен»  өнер  ордасының  көрме  залында «БОГУС»  көркемөнер  салоны  қауымдастығы  суретшілерінің «Махаббатты  сезіну»  атты  көрмесі  салтанатты  түрде ашылды. Мәдени  шара  облыстық  тарихи-өлкетану  музейінің  көрме  ұйымдастыру  бөлімінің  бастамасымен  ұйымдастырылды.   

Көрмеге қойылған жұмыстар мазмұндық әрі көркемдік тұрғыдан алуан түрлі. Әр туындыдан аутордың ішкі толғанысы, дүниені қабылдау ерекшелігі, өмірге деген көзқарасы айқын аңғарылады. Экспозицияда махаббат ұғымы тек романтикалық сезім ретінде емес, адам мен табиғаттың, өткен мен бүгіннің, үміт пен сағыныштың арасындағы терең үйлесім ретінде көрініс тапқан.

Аталған көрменің ауторлары – өңірге танымал әрі шығармашылық қолтаңбасы қалыптасқан суретшілер. Атап айтқанда, Рафхат Рамазанов, Жанэтта Сорокина, Максим Будаев, Нұртай Жәрдемов, Индира Аймешева, Нұрбек Жәрдемов, Марина Акунишникова және т. б. қылқалам шеберлері өз еңбектерін көрермен назарына ұсынды. Олардың әрқайсысы махаббат тақырыбын өзінше пайымдап, бояулар тілімен сыр шертеді.

DSC01183

Шара барысында облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Нұржан Дүзбатыр құттықтау сөз сөйлеп, көрменің маңыздылығына тоқталды. Ол бейнелеу өнерінің рухани құндылықтарды дәріптеудегі рөлін атап өтіп, осындай көрмелердің қоғамдағы эстетикалық талғамды қалыптастыруға  ықпал  ететінін  жеткізді.

DSC01175

Сондай-ақ «БОГУС» көркемөнер салоны қауымдастығының суретшісі Елена Потапова көрме ауторларының шығармашылық ізденістеріне тоқталып, олардың жұмыстарынан ортақ ішкі сезім мен көркем үндестікті байқауға болатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл көрме – махаббатты тек көру емес, оны сезіну, іштей қабылдау мүмкіндігін сыйлайтын ерекше кеңістік.

DSC01185

Көрме қонақтары туындылармен еркін танысып, әр картинадағы ой мен эмоцияны өз жүрегі арқылы өткізуге мүмкіндік алды. Әрбір шығарма көрерменді ойға жетелеп, ішкі тыныштық пен рухани әсер сыйлады.

DSC01143

– 20 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан «Богус» салоны Алексей Потаповтың жетекшілігімен шамамен 25 жергілікті суретшіні біріктіреді. Көрмелер ұйымдастырылып, картиналар сатылымға қойылады. Бірлескен пленэрлік сапарлар мен шығармашылық кездесулер өткізіледі. Бүгінгі көрмеде 13 суретшінің 100-ден аса еңбегі ұсынылған. Бұлар – өз қолтаңбасы қалыптасқан шеберлер. Картиналар әртүрлі стиль мен жанрда салынған, сол себепті де келушілерді дәл осы алуан түрлілігімен қызықтырады деп ойлаймын. Жалпы, біз жыл бойы әртүрлі бағыттағы көрмелер ұйымдастырамыз. Оның ішінде жергілікті суретшілер де, өзге қала, жақын шетел суретшілері де бар, – деді «Атамекен» көрме залының суретшісі Нұрбек Жәрдемов (суретте).

DSC01156

Айта кетейік, аталмыш көрме 20 ақпанға дейін жалғасады. Ұйымдастырушылар өнерді бағалайтын барша жұртты көрмеге келіп, махаббаттың бояулар тілінде сөйлеген әлеміне саяхат жасауға шақырады.

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

DSC01233 DSC01237

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале