Бүгін аудан әкімдігінде Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасын талқылау жөніндегі алқа отырысы өтті.

Аталған отырысқа аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова төрағалық етіп, Қазақстан Республикасының Ата Заңына енгізілген өзгерістер туралы аудан басшысы қысқаша тоқтала кетті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 20 қаңтар күні Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында осы бағытта нақты тапсырмалар берген болатын. Бұл бастамалар еліміздің дамуының стратегиялық бағытын айқындау, Әділетті Қазақстан құру жолындағы негізгі құндылықтарды нақтылау, қазіргі әлемдегі цифрлық трансформация үдерістеріне бейімделу, тәуелсіздігіміз бен жер тұтастығын нығайту қажеттігінен туындады. Осыған орай, жалпыұлттық деңгейде Конституциялық реформа жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен құрылып, 2026 жылғы 31 қаңтарда өз жұмысын аяқтады. Комиссия жұмысының нәтижесінде Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасы әзірленіп, жарияланды. Аталған жоба бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен таратылып, халық назарына ұсынылды. Баршаңыз Конституцияның жаңа жобасымен таныс деп ойлаймын», - деді аудан әкімі.
Біз бүгінде тарихи маңызы зор кезеңнің куәсі болып отырмыз. Бұл – тарих алдындағы ортақ жауапкершілік. Сондықтан, алдағы уақытта Қазақстан халқы «Бір ел – бір мүдде – бір ұлт» қағидаты аясында бірлесіп, ауқымды жұмыстар атқаруы қажет. Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақ мемлекеттілігін нығайту, тәуелсіздікті сақтау - жаңадан құрылатын Қазақстан Халық кеңесінің алдына стратегиялық міндет ретінде қойылды. Бұл бастама – қоғам сұранысына сай, заманауи талаптарға жауап беретін, әділетті әрі құқықтық мемлекетті одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Конституция – елдің саяси, әлеуметтік және құқықтық дамуының берік іргетасы. Сондықтан оған енгізілетін әрбір өзгеріс терең ойластырылып, жан-жақты талқыланып, халыққа толық әрі түсінікті жеткізілуі тиіс. Бүгінгі отырыстың мақсаты да осы. Конституция жобасын талқылау – тек заңгерлер мен мамандардың ғана емес, бүкіл қоғамның, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Өйткені Ата Заңда бекітілген нормалар мен қағидаттар елдің болашағын, келер ұрпақтың тағдырын айқындайды. Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасы 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Бүгінгі таңда әділетті мемлекет құру, заң үстемдігін қамтамасыз ету және адам құқықтарын қорғау – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Конституцияға енгізілетін өзгерістер аталған құндылықтарды одан әрі нығайтуға, азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткен жиында бірнеше тұлғалар сөз алып, Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасын қолдады.
Аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова алқа отырысы кезінде өзінің пікірін білдіре кетті. «Біз маңызды саяси шешімнің қарсаңында тұрмыз. Бұл – тарихи маңызы зор, әрбір азаматтан жоғары жауапкершілікті талап ететін кезең. Тәуелсіз Қазақстанның болашағын айқындайтын, ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртуға бағытталған, ел дамуы мен адам құқықтарының басымдығын көздейтін, болашақта ұлтты ортақ мүддеге топтастыратын, егемендігіміз бен жеріміздің тұтастығын қорғайтын жаңа құжат – Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасына енгізілген өзгерістерді қоғам арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастыру қажет. Осы орайда баршаңызды жауапкершілікті терең сезініп, аталған жұмысқа белсенді қатысуға шақырамын. Мәслихат депутаттарын, қоғамдық кеңес мүшелерін, саяси партия өкілдерін, зиялы қауым өкілдерін, кәсіпкерлерді, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін, сондай-ақ барлық азаматтарды осы іске атсалысуға үндеймін. Халқымызда «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген даналық сөз бар. Осы өсиетті басшылыққа ала отырып, жауапты кезеңде бірлесе жұмыс атқарып, ортақ мақсат жолында күш біріктіруіміз керек», - деді аудан басшысы Әлия Биғазықызы.
Темірболат Тоқмамбетов,
Теректі ауданы