5.02.2026, 21:00
Оқылды: 11

Бейжің университетімен ынтымақтастық жолға қойылды

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті Қытай мемлекетінің Бейжің орман шаруашылығы университетімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

DSC07208

Қазақстан мен Қытайдың жоғары оқу орындары осы меморандум аясында ғылым жолындағы ізденістерін ұштастырып, білім беру және ғылыми-зерттеу ресурстарын дамытуға ден қоймақ. Жәңгір хан университетіне жұмыс сапарымен келген Бейжің орман шаруашылығы университетінің қауымдастырылған профессоры Синху Цинның басты келу мақсаты да – осы. Аталмыш меморандумда екі жоғары оқу орны арасында халықаралық деңгейде байланыс орнату, бірлесе ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, өзара тәжірибе алмасу, тағылымдама ұйымдастыру секілді бағыттар қамтылды.

Қытайлық ғалым университет ректоры Асқар Наметовпен, ғылым жөніндегі проректор Әлжан Шәмшідінмен, Ғылым және технологияларды коммерцияландыру департаментінің директоры Индира Бейшовамен кездесіп, халықаралық ынтымақтастық бойынша іс-шараларды зерделеді. Сонымен қатар меморандум шеңберінде докторанттар мен магистранттарға арналған«Машиналық оқыту және популяциялық генетика әдістерін қолдану арқылы биоалуантүрлілікті сақтауды күшейту» тақырыбында дәріс оқыды. Мұнда экология мен эволюция саласындағы ғылыми қызығушылықтар мен зерттеу жобалары ұсынылды.

Оған қоса Синху Цин ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Қайсар Көшәлиевтің ғылыми мектебінен тәлім алған шәкірттерімен кездесті.  Жас ғалымдар Қытай профессорына өздерінің ғылыми бағыттары, зерттеу жұмыстары туралы айтып өтті. Ал Синху Цин өзінің генетика саласы бойынша жұмыстанатынын айтып өтіп, бірнеше бағытта ғылыми-зерттеу жобаларымен айналысып жүрген БҚАТУ ғалымдарының ізденісіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар алдағы уақытта бірлесе еңбектенуге, үлкен жобаларды бірге жүзеге асыруға ниет білдіріп, оларға Бейжің университетінде тағылымдамадан өтуге ұсыныс білдірді.

Кейінге сәл шегініс жасасақ, Бейжің университетінің ғалымдары ең алдымен Жәңгір хан университетінің киіктерді қолға үйрету жобасына қызығушылық танытқан болатын. Осыған орай 2025 жылдың қазан айында БҚАТУ ғалымдары Қайсар Көшәлиев пен Вадим Ульянов арнайы шақыртумен көршілес елге барып қайтқан еді.

– Қазақстан Президенті Қытайға 1500 бас киік беру жөнінде шешім қабылдағанын білесіздер. Өткен жылы университетімізге келген қазақстандық қос ғалым өздерінің киіктерді қолға ұстау, оларға ғылыми-зерттеу жүргізу  бойынша тәжірибелерімен бөлісті. Осы жолы мен киіктерді өз көзіммен көрдім. Бұл дала жануарлары Қытайда ертеректе мекендеген екен, ал қазір кездеспейді. Енді оларды қорғау ісіне біз де атсалыссақ дейміз. Жалпы киік – күніне 80 шақырымға дейінгі қашықтықты бағындыратын, өзін-өзі емдеп алатын қызық жануар. Олардың санын табиғат өзі реттеп отырады екен. Ғалым ретінде осы мәселеге қызығушылық танытып, зерттеу жүргізудемін. Бұдан әрі Жәңгір хан университетімен тек бұл бағытта ғана емес, халықаралық деңгейде ғылыми ынтымақтастық орнатып, бірге жұмыстануға ниеттіміз, – деді қытайлық ғалым.

Қытай профессоры Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің зертханаларында болып, оқу орнының ғылыми әлеуетімен де танысты.

БҚАТУ баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале