Ат жалында өскен қазақ үшін тай жарыс – тек спорт емес, ұрпақтар сабақтастығын жалғаған қасиетті дәстүр. Осы бір ұлттық рухты асқақтатқан тағылымды шара Шамар Қаршыға Шамарұлының мерейлі 95 жасқа толуына орай ұрпақтарының ұйымдастыруымен аудан көлемінде тай жарыстан біріншілік өтті.

Ұрпақтарының ұйытқы болуымен өткен дүбірлі додаға ауыл-аймақтан жүйрік тайлар жиналып, көрерменнің делебесін қоздырды. Жарыстың ашылу салтанатына Қаршыға Шамарұлының ұлы Қанат Шамаров, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлан Сәрсенов, Жымпиты ауылдық округінің әкімі Мейрам Қайырғалиев, сондай-ақ «Қайсар» спорт клубының директоры Ерболат Мұқанов қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Аламанға 13 тай қосылып, әрқайсысы өз иесінің үмітін арқалап, шаңды бұрқырата шапты. Тайлардың тұяқ дүбірі, шабандоздардың жігері мен көрермендердің қошеметі жарыс көркін қыздыра түсті. Әр айналым сайын бабы мен бағы қатар шапқан жүйріктер дараланып, мәреге жету сәті ерекше тартысқа толы болды.
Нәтижесінде І орынды Нұргелді Тілекбай Ақбақай атты тайымен жеңіп алды (тай иесі – Мирас Сүйінғали). ІІ орын Алтынбек Амангелдінің мінген Ардакөк тайына бұйырды (иесі – Алихан Жолдыбай). Ал ІІІ орынды Алихан Жолдыбай Айторы тайымен иеленсе, ІV орынды Расул Кабешов Фаворит есімді жүйрігімен (иесі – Арман Өмір) еншіледі.

Ұлттық спортты ұлықтаған бұл жарыс – бір әулеттің мерейін өсіріп қана қоймай, жас ұрпаққа атбегілік пен шабандоздық өнерді насихаттаған тағылымды шара болды. Тай дүбірімен өрілген бұл біріншілік ауыл өміріне ажар беріп, көрерменнің жүрегінде ұзақ сақталатын әсер қалдырды.
Шынар Молданиязова
Сырым ауданы