Жуырда Теректі ауданы білім беру бөлімінің қолдауымен, балалар шығармашылық үйі мен аудандық кәсіподақ ұйымы жанындағы жастар комитетінің ұйымдастыруымен Ақжайық ауылындағы Әдебиетшілер үйінде «Жарқын жүздесу» бағдарламасы өтті.

Бағдарлама қонағы – Мәдениет саласының үздігі, композиторлар одағының мүшесі, белгілі әнші-композитор Ербол Ақбасов.
Шараға жас ұстаздар мен Ақжайық ЖОББМ оқушылары қатысты. Кеш композитордың шығармашылық жолын танытатын бейнероликпен басталып, Ербол Жұмагелдіұлы туған жері, отбасы, өнер жолындағы ізденістері, жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы әсерлі әңгіме өрбітті.

Облыстық халық шығармашылық орталығының директоры Мәулет Жұбатов кеш кейіпкері туралы жүрекжарды пікір білдіріп, «Кешірші, қылықтым» әнін орындады.
Ал республикаға танымал әншілер Тарас Жауынбаев «Бақытым бағалы», Дархан Құлбабаев «Көздеріңнен айналдым» әндерімен көрермен ықыласына бөленді.

Кеш кейіпкерінің демеушісі, «A-Z STROY» ЖШС директоры Абзал Насиоллаұлы, сондай-ақ досы әрі әріптесі, Орал қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Армат Исанов құттықтау сөз сөйлеп, шығармашылық жолына сәттілік тіледі.

Кеш барысында Ербол Ақбасов «Сәлем елім», «Өмір», «Қоңырау шалдың ба?», «Аманатым» әндерін орындап, «Тұмарым» әніне түсірілген бейнебаяны мен телевизиялық бағдарламалардан алынған қызықты сәттер көрсетілді.

Сонымен қатар, Орал қаласы Жастар мәдениет сарайының директоры Асыланбек Шайхин, «Орал» спорт клубының директоры Орынбасар Ғилымов, Теректі мәдени-демалыс орталығының директоры Арман Сағидоллин Ербол Жұмагелдіұлына шығармашылық табыс тіледі.

Бағдарламаны жүргізген Үміткер Орынғалиев кешті қорытындылап, қонаққа естелік сыйлық табыс етті.
Шара белгілі әнші Рүстем Керейдің орындауында «Ауылым – алтын бесігім» әнімен қорытындыланды.
Айгүл Хабидуллина,
Ақжайық ЖОББМ директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары