Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Шекара қызметімен бірлесіп, вейптерді заңсыз әкелу әрекетінің алдын алды.

Сурет: istockphoto.com
Атап айтқанда, «У» есімді азамат Ресей Федерациясының шекара маңындағы қалаларының біріне барған кезде «WAKA» маркалы 175 электронды темекі тұтыну жүйесін (вейп) сатып алып, оларды мемлекеттік шекара арқылы алып өтпек болған.
Вейптерді жасырын түрде әкелу үшін ол оларды жүргізуші мен жолаушылар орындықтарының астына, жүк салғыштың технологиялық қуыстарына, сондай-ақ құрал-саймандар салынған сөмкелерге орналастырған.
Алайда, аталған өнімдер көлік құралы мемлекеттік шекарадан өту кезінде тексеру барысында анықталды.
Кінәлі тұлға сотталып, оған 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 1 179 600 (бір миллион жүз жетпіс тоғыз мың алты жүз) теңге көлемінде айыппұл салынды.
Сондай-ақ осыған ұқсас жағдайда «WAKA» маркалы 99 электронды темекі тұтыну жүйесін (вейп) заңсыз әкелгені үшін «Х» есімді азамат 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, атап айтқанда 1 966 000 (бір миллион тоғыз жүз алпыс алты мың) теңге көлемінде айыппұлға тартылды.
Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Қазақстан Республикасы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 110-бабы 9-тармағына сәйкес, шегілмейтін темекі бұйымдарын, электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды әкелуге, өндіруге, сату, тарату мақсатында сақтауға, жөнелтуге, тасымалдауға, сатуға және таратуға тыйым салынатындығын ескертеді.
Аталған заңсыз әрекеттер үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 301-1-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген, оның максималды санкциясы мүлкін тәркілей отырып, 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
БҚО бойынша ЭТТД