10.02.2026, 19:00
Оқылды: 8

Дамир әлем чемпионатына жолдама жеңіп алды

Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында шаңғы жарысынан жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас спортшылар қатысып, өзара мықтыны анықтауда.

photo-output

Бәсекенің үшінші жарыс күні қатысушылар 10 шақырым қашықтықты классикалық әдіспен бағындырды. Ерлер арасында өткен сайыста Батыс Қазақстан облысының намысын қорғаған Дамир Қабекесов жоғары нәтиже көрсетіп, күміс жүлдеге ие болды. Сонымен қатар, ол осы жарыста Қазақстан Республикасының спорт шебері нормативін орындап, жеке мансабындағы маңызды белесті еңсерді. Жас спортшының бұл жетістігі тынымсыз еңбек пен жүйелі дайындықтың айқын көрінісі.
Айта кетейік, Дамир Қабекесов алдағы уақытта Норвегияның Лиллехаммер қаласында шаңғы жарысынан өтетін жастар арасындағы Әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын болады.
Сондай-ақ дәл осы қашықтықта қыздар арасында өткен жарыста өңіріміздің тағы бір өкілі Жанерке Тудахунова үздік үштіктен көрініп, қола жүлдені қанжығасына байлады. Бұл нәтиже де Батыс Қазақстандағы шаңғы спортының қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.
– Біздің басты мақсатымыз – әлемдік деңгейдегі бәсекелерде сәтті өнер көрсету. Былтыр облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы спортшыларды жаңа шаңғылармен қамтамасыз етті. Сол игі істің жүзеге асуына үлес қосып, шәкірттерімнің заманауи құрал-жабдыққа ие болуына көмектескен азаматтарға алғысымыз шексіз, — деді бапкер Серік Хайруллин.
Жас спортшылардың бұл жетістігі – отандық спорттың болашағына деген сенімді нығайтып, жаңа белестерге жол ашатыны сөзсіз.

Фатима Ілиясқызы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале