Үндістанның Нью-Дели қаласында өтіп жатқан оқ атудан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы кезекті мәрте жоғары нәтиже көрсетті. Құрлықтың үздік спортшылары жиналған дүбірлі додада ел мергендері жүлделі орыннан көрінді.

МП-5 жаттығуында шеберлік байқасқан жастар арасындағы командалық жарыста Қазақстан құрамасы күміс медаль иеленді. Біздің жас мергендер Азияның ең мықты командаларының бірі екенін дәлелдеді. Команда сапында өңір өкілі, оралдық Алиса Краденова өнер көрсетті. Сонымен қатар, Алиса жекелей сынға да қатысып, 7-орынға тұрақтады.
Аталған жаттығуда тағы бір қазақстандық спортшы Нина Старова да сәтті өнер көрсетті. Ол ересектер арасындағы жарыста 5-орынға ие болса, жеке сында 15-нәтиже көрсетті. Айта кетерлігі, бұл – Нина Старованың ұлттық құрама сапындағы алғашқы ірі халықаралық жарысы. Соған қарамастан, жас спортшы сенімді өнер көрсетіп, табысты дебют жасады.
Қазақстандық мергендердің бұл жетістігі – жүйелі дайындық пен кәсіби жаттықтырушылар еңбегінің нәтижесі. Азия чемпионатындағы күміс жүлде ел спортының әлеуетін тағы бір мәрте айқындап, алдағы халықаралық бәсекелерге зор үміт ұялатады.
Фатима Ілиясқызы