Аудан әкімі Нұрлыбек Даумовтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасын талқылауға арналған аудан активінің кеңейтілген отырысы өтті. Отырысқа аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, құқық қорғау органдарының басшылары, бөлімдер мен мекемелер жетекшілері, ауылдық округ әкімдері, партия және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Актив отырысы аудан әкімі Нұрлыбек Даумовтың сөзімен басталды. Ол өз сөзінде мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан конституциялық реформалардың маңызына кеңінен тоқталды.
– Біз бүгінде тарихи маңызы зор кезеңнің куәсі болып отырмыз. Бұл – тарих алдындағы ортақ жауапкершілік. Бұл бастама – қоғам сұранысына сай, заманауи талаптарға жауап беретін, әділетті әрі құқықтық мемлекетті одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Бұл бастамалар еліміздің дамуының стратегиялық бағытын айқындау, Әділетті Қазақстан құру жолындағы негізгі құндылықтарды нақтылау, қазіргі әлемдегі цифрлық трансформация үдерістеріне бейімделу, тәуелсіздігіміз бен жер тұтастығын нығайту кажеттігінен туындады.
Осыған орай, жалпыұлттық деңгейде Конституциялык реформа жөніндегі комиссия ел Президентінің Жарлығымен құрылып, 2026 жылғы 31 қаңтарда жұмысын аяқтады. Нәтижесінде Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасы әзірленіп, халық назарына ұсынылды.
Конституция – елдің саяси, әлеуметтік және құқықтық дамуының берік іргетасы. Сондықтан оған енгізілетін әрбір өзгеріс терең ойластырылып, жан-жақты талқыланып, халыққа толық әрі түсінікті жеткізілуі тиic.
Бүгін біз дәл осы мақсатта бас қосып отырмыз. Конституция жобасын талқылау – тек заңгерлер мен мамандардың ғана емес, бүкіл қоғамның, әрбір азаматтың ортак міндеті. Өйткені Ата Заңда бекітілген нормалар мен қағидаттар елдің болашағын, келер ұрпақтың тағдырын айқындайды. Жаңа Конституция жобасы – ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын тарихи құжат, – деп тұтас мемлекет үшін маңызды құжаттың мән-жайына тоқталды.
Актив отырысында Конституциялық комиссияның атқарған жұмыстары, ұсынылып отырған өзгерістердің мәні мен алдағы ақпараттық-түсіндіру шаралары талқыланды.
Жарыссөзде сөз алған ардагер ұстаз Нәйлагүл Нарболава, «AMANAT» партиясы Бөкей ордасы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жалғас Ташуов, М-С.Бабажанов атындағы орта мектептің директоры Фархат Мұқатовтар да 11 бөлім, 95 баптан тұратын жаңа Конституцияның идеологиялық маңызына тоқталды, өз салалары бойынша жаңа жобадағы басым бағыттарды түсіндіріп өтті.
Ал, аудандық ардагерлер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков еңбекке ерікті емес, еңбек етуге міндетті деп еңбек ұғымының құндылығын баса көрсетсе деген ойын айтты. Керейұлының ұсынысы тек мұнымен шектелмеді.
– ІІ дүниежүзілік соғыста зардап шеккен аудан ретінде Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына «Қаһарман аудан» мәртебесін беру туралы ұсыныстарымыз аяқсыз қалып келеді. Бесіктен шықпай жатып, қара жұмысқа араласқан, Сталинградтың жеңісі үшін бел жазбай еңбек еткен аналарымыз бен аталарымыздың, аспаннан қарша жауған жау бомбасынан бой тасалап жан баққан аға буынның ерлікке бергісіз еңбегі ескерусіз келеді. Осындай тарихи жайттарға баға берерлік заң тетіктерінің де сауатты ойластырылғаны керек, – деді өз сөзінде Тілеген Арыстанбеков.
Жиын соңында аудан активі Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасын толық қолдайтынын білдірді.

Отырысты қорытындылаған аудан басшысы Нұрлыбек Даумов:
– Біз маңызды саяси шешімнің қарсаңында тұрмыз. Бұл тарихи маңызы зор, әрбір азаматтан жоғары жауапкершілікті талап ететін кезең. Тәуелсіз Қазақстанның болашағын айқындайтын, ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртуға бағытталған, ел дамуы мен адам құқықтарының басымдығын көздейтін, болашақта ұлтты ортақ мүддеге топтастыратын, егемендігіміз бен жеріміздің тұтастығын қорғайтын жаңа құжат – Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасына енгізілген өзгерістерді қоғам арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастыру қажет, – деп жергілікті атқарушы органдарға, әкімдік аппараты мен сала басшылары, қоғамдық бірлестік жетекшілеріне тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын жүргізіп, әр азаматтың жаңа Конституцияның мәні мен маңызын терең түсінуіне жұмыстануды тапсырды.
Ұлпан Әнуарқызы
Бөкеф ордасы ауданы